Алпысты алқымдап, жетпістің желкеніне жеттіңіз. Төріңізден көріңіз жақын. "Адамзат бүгін – адам, ертең – топырақ...". Осыны оқта-текте ойға аласыз.
Адам қарттықты мойындағанда ана өмір жайында жиірек ойлайды. Тіпті күн сайын өткен өмірін кинолентадай көз алдынан сырғытып өткізеді. Ұнатқан адамын, араласқан адамдарын, кімдермен жақын қарым-қатынаста болғанын – бәрі-бәрін ой елегінен өткізеді. Әсіресе қолындағы бар мүмкіндігін жіберіп алған сәттер еске түссе, өзекті өкініш өртейді...
Жатқан жеріңізге кенет уақыт зымыраны келді. Осы көлікке отырдыңыз да, қазіргі сәтке қайта сырғып келдіңіз. Енді алпыстан асып, жетпіске жеткен жоқсыз. Қазір, дәл қазір осы материалды оқып отырғандағы жастасыз.
Сізге екінші мүмкіндік берілді. Енді үлгермеген істеріңізді қайта қолға алып, өткенге өкінбейтіндей әрекет етуге, барша ойыңызды жүзеге асыруға құзіреттісіз. Өміріңізді қазіргіден де қызықтырақ, маңыздырақ етіп өткізуге тағы бір сәт туды. Қарттық шағыңыз тек естеліктерді еске алумен өтетінін ұқтыңыз. Енді ол кезде тым құрыса, болмасаңыз да, ұқсап бағуға тырысқаныңызды не тындырған істеріңізді еске түсіріп, жымиятын боласыз. Қолыңызды мезгілінен кеш сермемей, өткенге өкінбейтіндей өмір сүріңіз.
Мұны қарапайым ғана математика деуге болады. Егер әлгі жағдайды шартты түрде алатын болсақ, қорқыныш құны – нөлге тең. Естен шығармаңыз, қорқыныш сіздің қоржыныңызға құйылады. Оны толтыратын да, азайтатын да өзіңіз ғана. Ойға алған ісіңіз, ақылға қонымды болса, міндетті түрде қолыңыздан да келеді. Біреуге айтпай, іштей тынған сөздеріңіз болса да ақтарыңыз. Өмір екі келмейді.
Басыңыздағы бақты барында бағалаңыз!