1 шілде күні Оқушылар сарайында «Менің ЭКСПО-2017 көрмесіне қосар үлесім. Менің болашақ кәсібім аясында Қазақстан экономикасын «жасылдандырудың» жолдары» атты эссе байқауында жеңімпаз атанған мектеп пен колледждердің 15 түлегін марапаттау салтанаты өтті, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ баспасөз қызметіне сілтеме жасап. Енді байқау жүлдегерлері Қытайдың Тау-кен ісі және технологиялар университетінің студенттері атанып, сондай-ақ, «Милан ЭКСПО-2015» Халықаралық көрмесіне барып қайтуға мүмкіндік алып отыр.
Байқауды «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ және «MyChina» Білім беру орталығы ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе ұйымдастырып, ағымдағы жылдың 1 сәуірінен бастап 1 мамыры аралығында өткізді. Марапаттау салтанатына Парламент депутаттары, БҒМ, ҮЕҰ, бизнес өкілдері және еліміздің жетекші жоғарғы оқу орындарының студенттері қатысты. Байқау жеңімпаздары Қытайда оқуға арналған грантты жеңіп, стендшілер ретінде Миландағы ЭКСПО-2015 көрмесіне қатысуға шақыру алды.
Байқау ұйымдастырушылары бір ай ішінде 2000-ға жуық мектепті аралап шығып, expo-mychina.kz сайтына 17000-нан аса адамды тарта алды. Байқауға 654 өтінім жіберілді, оның талаптарына жауап беретін 455 жұмыс пен өтінім іріктеп алынды. Байқауға қатысқан аймақтардың георгафиясы да кең болды: Астана мен Алматыдан бастап, ШҚО-дағы Тасқала, Қарағанды облысындағы Тассуат, Солтүстік Қазақстан облысындағы Явленка секілді кішкентай ауылдарға дейін 76 елдімекенде тұратын оқушылар байқауға өз эсселерін жіберді.
Қазақстандағы мектептер мен колледждердің түлектері келесі тақырыптардың біріне қатысты өз эсселерін жіберуі тиіс болды: «ЭКСПО көрмесін өткізудің менің елім үшін маңызы», «Жасыл» технологиялардың қазіргі заманғы әлем үшін маңызы» немесе «Менің кәсібім және Қазақстанның индустриалды-инновациялық дамуына менің қосар үлесім».
Байқау комиссиясы екі апта бойы жұмыстарды қарап, қатысушылардың эссе тақырыбын қаншалықты терең әрі нақты ашып көрсете алғанына баға берді. Жеңімпаздар қатарында мектептегі түрлі пәндер бойынша халықаралық және республикалық олимпиадалардың жүлдегерлері, шығармашылық байқаулардың лауреаттары, ғылыми жобалардың авторлары болды, іріктеу кезінде байқау қатысушыларының осындай жетістіктеріне де айтарлықтай мән берілді.
«Өзімнің эссемде мен болашақтағы баламалы энергетиканы дамыту ісінде ақпараттық технологиялардың алар орнына басты назар аудардым. Баламалы энергия көздері және ақпараттық технологиялар әлемдік экономика мен энергетикалық өнеркәсіпті дамудың жаңа кезеңіне шығарып отырған қозғалтқышқа айналуда. Сондықтан еліміздің экономикасын дамыту үшін жастарды осы салаларға оқытуға үлкен мән беру қажет деп есептеймін. «Менің ЭКСПО-2017 көрмесіне қосар үлесім» эссе байқауы секілді іс-шаралар осыған өз септігін тигізуде», - деп атап өтті өз сөзінде байқау жеңімпаздарының бірі болып табылатын Орал қаласының оқушысы, республикалық олимпиадалардың жүлдегері Алина Қожамұратова.
Жалпы ең үздік деген 15 жұмыс іріктеп алынып, эссені жазған он оқушыға Қытайдың Тау-кен ісі және технологиялар университетінде оқуға грант беріліп, бес қатысушы Миландағы ЭКСПО көрмесіне жолдама алды. Сондай-ақ, салтанатты марапаттау рәсіміне серіктес болған «Транстелеком» АҚ компаниясы қатысушыларға естелік сыйлықтар берді.
Оқу грантын ұтып алған жеңімпаздардың ішінде математика мен Қазақстан тарихы бойынша республикалық олимпиадалардың жүлдегері, халықаралық сурет салу байқауларының лауреаты, Павлодар қаласының №42 мектебінің түлегі Осипова Ирина да бар. Ирина өзінің шығармасында 2017 жылғы ЭКСПО көрмесіне ол қандай үлес қоса алатынын баяндап жазды.
«Шығармамды бір ай бойы жаздым. Менің жұмысымда еліміздің өмірінің түрлі тұстары және оның дамуына қатысты мәселелер көтерілді. Мен болашақ сәулетші ретіндегі кәсібім аясында Қазақстан экономикасын «жасылдандыру» үшін көптеген мүмкіндіктер бар екенін байқадым. Жасыл технологияларды халықтың көпшілігіне қолжетімді ету, қазіргі қалаларды жасылдандыру, экология жағдайын жақсарту, жаңа қалаларды салып, осылайша еліміздің «жасыл экономикасын» дамыту осындай мүмкіндіктердің бірі болып табылады», - деп атап өтті байқау жеңімпазы.
Байқау «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясының ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе іске қосқан оқушыларға арналған білім беру жобаларының топтамасы аясында өткенін еске салып өткіміз келеді. Атап айтқанда, елорда оқушылары мен студенттері арасында «ЭКСПО-2017» Кубогы үшін пікірсайыстар өткізілетін болады. Ал осы жылдың қыркүйегінде Қазақстандағы балалар мен жастардың ғылыми-техникалық шығармашылығына арналған республикалық байқау басталады.