- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Достыққа құмартып жүрсіз...
Достыққа құмартып жүрсіз бе?
Достыққа құмартып жүрсіз бе? Кіммен дос болғанды жөн санайсыз?
Достық – киелі ұғым. Әсіресе, мектеп кезіндегі достықтың орны бөлек. Жылдар жылжып, уақыт өткеннен кейін қадірін біле бастаймыз. Достық ұғымы үй тапсырмасын көшіріп алу, сабақ барысында көмектесу сынды іс-әрекетgен өлшенбейді. Мектеп қабырғасында қыздар бөлек, ұлдар бөлек топтасып жүретіні белгілі. Ғалымдардың айтуы бойынша бірнеше адамнан құралған жерде достықтың құндылығы өте жоғары болмайды. Ондай достықтар сыйластықпен ғана жүзеге асады. Керісінше, екі адамнан құралған достықтың ғұмыры ұзақ болады. Қыздардың құрбысы болатыны белгілі. Дәл солай, жігіттерде де ақылшы дос болады. Ал енді қыз бен жігіттің арасындағы шынайы достық өте сирек кездеседі.
Қыздар үшін досының ер бала болғанының қаншалықты маңызы бар?
Ер баламен дос болудың артықшылықтары өте көп. Сәйкесінше, кемшіліктері де аз емес. Ер балалар сырға берік болады. Көп жағдайда психологиялық зерттеулердің нәтижесі бойынша, жігіттер қауымы ұсақ-түйек дүниелерге мән ермейді. Досыңыздан бұл қасиетті меңгергеннің пайдасы зор. Ұсақ-түйекпен бас қатырмайсыз. Оған қоса жігіттер қауымы көп ойланып жатқанды жөн көрмейді. Тәуекелшіл келеді. Бұл қасиеттің де пайдасы зор. Олар қырсығып, ренжіп қалуға тым әуес болмайтынын да ескере кету керек. Жігіттер көп сөйлеуді жөн көрмейді. Көп нәрсені іс-әрекет нәтижесінде жүзеге асырады. Аталғандардың көпшілігі артықшылықтары болып есептеледі. Ал енді кемшілігі қандай? Ер баламен дос болған қыздардың көпшілігі қаталдау болып келеді. Нәзіктіктің біртіндеп жоғалатынын өзіміз де аңғармай қаламыз. Бірыңғай жігіттермен жүретін қыздардың тәртібі де аса керемет болмайды. Қанша дегенмен де, сөйлеу мәнері, іс-әрекет факторлары әсер етеді. Сондықтан, жігіттермен де, қыздармен де қатарласа дос болған дұрыс. Өзіңізді жан-жақты дамытып, бірқалыпты ұстап тұра аласыз.
Жігіттер үшін досының қыз бала болғанының қандай ерекшеліктері бар?
Қыз бала құрбың болса, қыздардың психологиясынан сенімді ақылшыңыз болады. Көп жағдайда киім таңдау мәселесінде де қыздардың талғамына жүгінген орынды. Олардың сән үлгісіне деген көзқарасы жігіттердікіне қарағанда жақсы болатыны белгілі. Олар сіз байқамай кететін ұсақ дүниелерді тез аңғарады. Дегенмен, ұсақшыл болып кетуден сақтаныңыз. Жігіттерге жараспайтын қылық екенін естен шығармаңыз. Бірыңғай қыздармен жүрудің, достасудың пайдасынан зияны көп. Бір-екі құрбыңыз болса жеткілікті.
Қыз бен жігіт арасындағы достықта шекара болғаны дұрыс. Жаратылыстың өзі біреуіне оң жақпен ойлауды берсе, біреуі сол жақпен ойлайды. Достық ұғымында бұл факторлар қатты әсер етсе, махаббатқа ұласып кетуі мүмкін. Бұл – дәлелденген құбылыс. Сондықтан, достыққа адал болайық!
Ә. Жутаева