Уақыт біздің еншімізде емес. Зулап өте шыққанда, жаныңда қандай жандар қалатыны белгісіз. Осы ретте досты уақыт танытады деген сөздің жаны бардай.
Мектеп қабырғасын имене аттағанда, сыныптағы баланың бәрі бөтен болатын. 11 жыл бір шаңырақ астында оқыған соң, бір үйдің баласындай болып кетеді. Адам өмірі пойыз секілді, ол жанына жақындарын әр бекеттен мінгізіп алады, уақыты келгенде өз бекетіне қалдырады. Ата-ана, туыс-бауырды таңдай алмайсың, бірақ досты таңдайсың. Бұл — заңдылық. Дос өзгелер арасында дараланып тұрады.
Достықты кім қалай түсінеді?
Огайо Университетінің Уильям Ролинз есімді профессоры осы мәселені зерттеген екен. Әртүрлі жастағы адамдарға бірдей сұрақ қойып, сараптама жасапты. 14 жастағы жасөспірім мен егде тартқан қарияның дос туралы пікірі бірдей болып шыққан екен. Олар: "Дос — жаныңа жақын адам" депті. Бірақ, сипаттау жағдаяттары әртүрлі. Жасөспірім "сабақ орындамағанда көмектеседі" десе, қария "соғыста мені жаудан арашалаған" деген екен.
Жастың достыққа әсері бар ма?
20-24 жас аралығындағы адамдар орта есеппен бір аптаның 10-25 сағатын достарымен өткізеді екен. Сонымен қатар, олар сыныптастар, топтастар, әріптестер деген секілді белгілі бір топтарға бөлініп жүреді. Осы топтың ішінен де адам өзіне етене жақынын даралап алады. Есейгенде "компания" деп аталатын топ "ашып алады" екен.
Бала кезде "Әсел, ойнауға шығасың ба?" деп немесе "Сұлтан, кеттік, қуыспақ ойнаймыз" деп шақырып алып кеткеннен анаңыз сізді үйге әзер кіргізген болар. Бірақ уақыт өте келе сол достармен араларыңыз алыстап бара жатқанын байқамауыңыз мүмкін. Өйткені таным өзгереді.
Әлеуметтік желі достықтың көпірі емес
Қазір технология заманы орнағандықтан, жақын достардың аман-саулығын әлеуметтік желі арқылы білісеміз. Алайда бұл достық деп есептелмесе керек. Туған күн, мерекеде құттықтау жазып, суреттеріне "ұнайды" белгісімен лүпіл басу танымайтын адамдардың да қолынан келетін ісі. Ал сіз достықты мұнымен шектемеңіз. Сіз досыңызға рухани сыйлық жасаңыз. Оның жанынан табылатыныңызды танытыңыз.
Достар уақытпен сынала ма, қалай ойлайсыздар?