- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Дарынды оқушылар қандай...
Дарынды оқушылар қандай қасиеттерге ие?
Дарынды оқушылар дегеніміз – ата-анасының берген тәрбиесінің немесе табиғаттың тарту еткен сыйының арқасында құрдастарынан ақыл-парасаттылығымен артылатын балалар.
Олар жастайынан қатарластарынан ерекшеленеді. Аз ұйықтап, тілі ерте шығады, сөздік қоры өте мол, бақылағыштық қасиеті мен қызығушылықтары аса жоғары, есте сақтау қабілеттері жақсы. Мұндай балалар үш жасында-ақ бір уақытта бірнеше оқиғаны бақылай алады.
Дарынды балалардың қасиеттері төмендегі белгілерге сәйкес анықталады:
1) Дүниетанымының кеңдігі;
2) Психологиялық жетілу;
3) Физикалық ерекшелік.
♦ Олар бір уақытта бірнеше іспен қатар айналысады. Айналадағы құбылысты тұла бойына сіңіріп жатқандай әсер қалдырады.
♦ Қоршаған ортаны белсенді түрде бақылап, жасы үлкендерге көп сұрақ қояды. «Жоқ», «болмайды» сынды ескертулерді қабылдамайды. Ж.Пиаже ақыл-парасаттылық сынды қасиеттердің ақпаратты өңдеумен және астың қорытылуымен тікелей байланысты екенін айтады. Олар үшін білім алу – таза ауамен тыныс алумен пара-пар құбылыс.
♦ Ғалымдар дарынды балалар миының биохимиялық, электрлік белсенділігі жоғары екенін айтады. Мұнымен қатар, дарынды балалардың құрдастарына қарағанда интеллектілік азықты көп мөлшерде қорыта алатындықтары анықталған.
♦ Олар жастайынан түрлі құбылыс пен концепция арасындағы байланысты көре алады. Осы байланыс шығармашылық қабілеттерінің жетілуіне әкеліп соқтырады.
♦ Абстракты деңгейде көп ойланып, есте сақтау қабілеттері жасы ұлғайған сайын жақсара түседі. Бұдан өзге ойында жүрген ақпаратты сапта тұрған сарбаздай қаз-қатар тізіп қоюды ұнатады. Мол сөздік қорының арқасында сұрақты дұрыс қояды. Сөздік, энциклопедия сынды кітаптарды көп оқиды. Миды қозғалысқа түсіретін ойындарды ойнайды.
♦ Ұстаз берген ең қиын тапсырманы өз бетінше орындауға ұмтылады. Ешкімнің көмегін қажет етпейді.
♦ Алдыларына мақсат қойса, оған жетпейінше тынбай еңбек етеді. Перфекционизм сынды қиындықтары бар.
♦ Оқулықтағы тапсырманың берілгенін дұрыс түсінеді. Қиын сәтте ойын жылдам жинақтайды. Жұмыстың нәтижелі болуын қадағалайды.
Сурет: katev.kz
Қ. Бүйенбай