Жаңа орта, жаңа тұрмыс салты – бірінші курс студенті үшін аздап қиынға соғады. Онда тұрған ештеңе де жоқ – жай ғана өмірдің жаңа кезеңіне қадам басасыз. Бірінші қыркүйек келеді, алдағы бірнеше жылдықты бірге өткізетін жаңа адамдармен таныстық басталады.
Бірінші кезекте, бейтаныс ортаға үйрену мәселесі миын шаққан жалғыз сіз емес екенін, айналаңыздағылардың барлығы да сіз секілді көздері жәудіреген «балмұздақтар» екенін есте ұстаңыз. Көп уақыт өтпей-ақ өзіңіздің шын мәнінде ересек бола бастағаныңызды сезініп, алғашқы сәттерді күліп еске түсіретін боласыз.
Адамдар ұлты, әлеуметтік жағдайынан бастап, мінезі, ой-өрісін қоса алғанда әртүрлі болады. Бұл ешкімге жаңалық емес. Бұл жағдай он жыл бұрын мектепте де қайталанды емес пе? Біріншіден, ол кезде жаңа ортамен балғын шағымызда қауыштық. Екіншіден, мектептегі қатарластарымызбен бір ауылда өніп-өстік, демек тәрбиеміз, діліміз ұқсас болған соң бейімделу аса қиынға соқпады. Енді мүлде басқа адамдармен тіл табысып, бір арнаға сыйыса білу керек. Өзімізді қалай ұстамыз?
Сырт келбет. Сізді алғаш кездестірген адам басыңыздың ішіндегі миды не кеудеңіздің ішіндегі жүректі көре алмайды. Ең алдымен, көзге түсетін сыртқы келбетіңіз. Алғашқы әсерді өзгерту оңай емес. Кісіні «тартымды» мен «жағымсыз» деп бөлетін адамдардың психологиясын да өзгерте алмаймыз. «Жағымсыздармен» араласатын адам аз болады. Не киіп, не кимеу керегін алдыңғы материалымызда оқыған боларсыз.
Мінез. Мектепте өнер көрсетіп, жұлдыз болып келсеңіз де, албырттығыңызды, орынсыз «батырлығыңызды» алғашқы сабақта көрсетудің керегі шамалы. Жаңа ортада өзінің аңызға айналған абыройын асқақтатып, жұртты басқарғысы келетіндер бәріне ұнамай қалары сөзсіз. Ондай «қожайындар» өзгелердің санасына бірден «жағымсыз кейіпкер» ретінде қабылданып, қолайлы қарым-қатынасты қайта орнату қиын болады. Сондықтан адамның жаңа қырлары өздігінен ашылғаны жөн. Ақырындап әркімнің орынды қазығы қағылады.
Мектепте өз орнын таппаған оқушы жоғары оқу орнына келіп, жаңа қоғамда жаңа өмір бастап, жаңа таныстарға өзімді қалай сыйлауды үйретемін деп ойлайды. Өкінішке орай, ол орындалмайды. Құпияның беті ашылады, кешенді күйден қашып құтыла алмайсыз. Шыбынға да зияныңызды тигізбей, өзіңізбен өзіңіз жүріңіз, жаңа ұжым сізбен қалай араласуды өзі шешетін болады.
Жалғасы бар...