- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Болашақ студенттерге кеңес...
Болашақ студенттерге кеңес
Қазіргі талапкерлер санаулы уақыттан кейін студент атанады. Алып шаһарға білім қуып келіп, үлкен әлемнің тұңғиығын іздейді. Тұңғиықты іздеу үшін қазіргі ЖОО-да қалай оқу керек деген сауал туады. Талабы күшті, аламын деген шыңын бағындыра алатын болашақ студенттерге мынадай кеңес береміз. Дайындалып жүріңіздер.
1. Іздеп табу қабілеті
Қазіргі жоғарғы оқу орындарында ақпараттың барлығы берілмейді. Көбіне мәліметті іздеуге бағыт-бағдар сілтенеді, ал студенттер сол бағыт бойынша өздері ізденеді. Мәліметтерді дер кезінде табу оңай емес. Мамандық алып шығамын деген талапкер осыған дағдылануы керек.
2. Өз бетімен оқу
Ақпаратты іздеу – бұл аз. Оның арасынан өзіне керегін ғана алып, түсініп, санаға жүктеу керек. Өзгенің миымен ойлану бүгінгі күннің талабына жатпайды. Сол үшін өз бетімен оқып, ақпаратты сіңіре алу керек.
3. Өз-өзін басқара білу
Студенттердің басым бөлігі «бәрін білгім келеді» деген сөзді жақсы көреді. Сол себепті, әркімнің сөзіне еріп кетеді. Қоғамның қозғаушы күші де осы студенттер. Бәріне сақтықпен қараған дұрыс. Өз-өзіңізге жауап беру – үлкен іс.
4. Топ болып жұмыс істеу
Жоғарғы оқу орнында студент көппен бірге жұмыс жасап үйренуі керек. Көпшілік ортада өз ойын еркін жеткізіп, таныта алуы тиіс. Көптің бірі болу қазіргі студенттерге жат. Бірі өнерімен, бірі іскерлігімен, бірі спорттық қабілетімен, бірі басқару ерекшелігімен ортада ерекшеленіп тұруы қажет. Көлдің тамшыдан құралатынын ұмытпаған абзал. ЖОО – аспан, ал студент – жұлдыз. Бәрі жанып тұрса, аспан әдемі болары сөзсіз.
5. Әртүрлі адамдармен сөйлесу
Бір топта бірнеше мінез, бірнеше келбет, бірнеше дауыс бар. Олар бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Олардың бәрімен тіл табысу – зор өнер. Жарайды, топ – ол өз ортаң. Ал оқытушылар қауымы ше? Олардың қабағы, сөздері... Олардың тамырын басып сөйлеу, шамадан шықпау, сөйлеу этикасын қалыптастыру оңай іс емес.
ЖОО-да күндердің бір күнінде ел алдында сөйлеуге тура келеді. Ауызша емтихан, семинар тапсыру, дипломдық жұмыс қорғау керек. Тобыңыздағы құрбыңыздың артына тығылу, әсте, жараспайды. Батылдық – сізді алып шығатын серігіңіз.
7. Ұнамайтын жұмыстарды да жасау
Өмірде түрлі жұмыс бар. Оның бәрі бірдей сізге ұнай бермейді. ЖОО қабырғасында сізге ұнамайтын тапсырмалар жүктелуі мүмкін. Аралық бақылауға сіз ұнатпайтын тақырыпты қорғауға берсе, бас тартпай орындап көрген жөн.
Мақсат қоя білу үлкен жауапкершілікті талап етеді. 24 сағат ішінде оқып та, тамақтанып та, демалып та үлгеру керек. Ал үлгеру үшін жоспар керек. Жоспар дегеніңіз – мақсат. Бір күнге мақсатты дұрыс қоя білген адам өмірде де адаспайды.
Г. Берік