Алматыдағы бір мектептің мұғалімдер кабинетінде мынадай оқиға болады. Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары 11-сыныптың бір баласын жерден алып жерге салып жатыр екен. Оқушы ҰБТ тапсыру үшін 5-пән ретінде физиканы таңдаған, ал оған орынбасар мырза қарсы көрінеді.
— Неге таңдадың бұл пәнді?
Бала оқығым келеді деп кібіртіктейді.
— Оқығаның сол ма, 7-ақ бал жинапсың.
— Репититордан сабақ алып жүрмін.
— Қай жақтағы? Сол баяғы Қалқамандағы ма?
Бала басын изейді.
— Ол саған не үйретеді сонда? Не тақтасы жоқ, үйінен қалай оқытады?
Бала бәсең үнмен, «Қағазға жазып» деді.
— Қағазға дейді ғой, сондағы үйренгенің осы 7 бал ма?
Орынбасар мырзамыз байғұс баланың 7 балын бетіне басқаннан түк шықпасын білді ме, енді қазақ тілінен сұрақ қоюға көшті.
— Неше сөз табы бар?
— Тоғыз.
— Атап берші.
Бала дұрыс жауап берді. Қызарақтап қалған орынбасарымыз сұрақты үсті үстіне жаудырып, баланы жаңылдырмақ болды.
— Көсемше деген не? Есімше ше? Етістіктіңн қандай түрлері бар…
…
Осыдан кейін де бірнеше оқушы орынбасар мырзаның «қабылдауында» болды. Барлығында да осыған жақын диалог өрбіді.
11-сынып бітіргелі отырған түлектердің көбісі 5-пән ретінде физиканы таңдаған екен. Ал оған мектеп әкімшілігі қарсы көрінеді, 5-пән таңдау мәселесін мектеп өз қалауы бойынша реттегісі келетін сияқты.
Арасында ата-анасын шақырту керек, ертең ата-анаңмен кел деп қорқытатынын қайтерсің. Осыған қарап ата-ананың баланы түсіну жағын да ақсап жататынын байқаймыз. Болмаса бала неге ата-анаңды шақыртам дегенінен қорқады. Ата-ана ретінде баламен әрдайым әңгімелесіп, оның да таңдауымен санасып тұрған оң болады, керек болса оның таңдауына құрмет етіп, оған кедергі жасайтындардан қорғап қалуымыз керек сияқты. 11-сынып бітіргелі отырған балаңыз болса, ол да осы жағдайды басынан кешіп жатпасына кім кепіл?