Қазақстан білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев көрме-форумда мектеп формасының қандай болуы тиіс екенін айтты. Астанада отандық өндірушілер тіккен мектеп формасының көрме-форумы өтіп жатыр.
Министрдің айтуынша, ата-аналардің көбі және педогогикалық кеңес бірыңғай мектеп формасы туралы жақсы пікір білдірген. "Біз мұны қуанышпен атап өтеміз. Ата-аналар мектеп формасының балаларға жақсы әсер ететінін айтып отыр", − деді ол.
Сағадиев мектеп формасын таңдау құқығы білім беру ұйымының және ата-аналар қоғамының құзыретінде екенін айтты. "Біз мұны дұрыс деп есептейміз. Әр мектеп өзінше ерекшеленіп тұруы керек. Сондықтан да мен бұл бастаманы қолдаймын. Сонымен қатар форма қабылданған талаптарға сәйкес болуы керек екенін айтқым келеді. Ол әдемі, функционалды, қауіпсіз, қолайлы болуы тиіс", − деді Сағадиев. Ол бірыңғай көк түсті мектеп формасы енгізілген Алматы қаласын мысалға келтірді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Қазақстанда мектеп формасының талаптары енгізілген болатын.
Дереккөз: Tengrinews.kz