Қазіргідей бәсекелестік дамыған заманда еңбек нарығындағы сұранысқа ие мамандықтарды меңгеру, кәсіби жетілу – уақыттың талабы. Сондықтан оқушыларға мамандық таңдағанда қателеспеу керектігін ұғындыру, кәсіби бағыт-бағдар беру мақсатын көздеген Индер аудандық жастар ресурстық орталығы, "Жас Отан" ЖҚ, "Көктем" қазақ орта мектебінің ұжымымен бірлесе отырып, «Болашаққа бағдар» жобасының аясында "Мамандықты таңдау - болашақты таңдау" тақырыбында кездесу кешін өткізді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі.
Кездесу кешінің ұйымдастырылуына мектеп кітапханашысы З. Азербаева, психолог А. Демеуовалардың қосары көп болды. Кеш тізгінін А. Сарғойшина қолға алып, алдымен қатысып отырған жоғарғы сынып оқушыларына «Болашаққа бағдар» жобасының мақсаты мен міндеттерін түсіндірді, және арнайы шақырылған әртүрлі техникалық бағаттағы мамандық иелерімен таныстырып өтіп, қонақтарға сөз кезегін берді. Кеш қонақтары ретінде Кенжеғалиев Базарғали - «Атырау-Жарық» АҚ Индер аудандық филиалының бас маманы; Игалиев Жеңіс Қуанұлы - аудандық кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі; Шарипов Азидолла Ілиясұлы - Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің оқу өндірістік шебері; Ғинаятова Саягүл Идиятовна - Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің ағылшын тілі пәнінің оқытушысы; Нариманова ГауҺар Нариманқызы - «Көктем» қазақ орта мектебінің тарих пәні мұғалімі; Иғалиев Азамат Қуанұлы – аудандық сәулет құрылыс және қала құрылысы бөлімінің бас маманы; Абенова Гүлфара Есенжанқызы – аудандық көпбейінді ауылшаруашылық колледжі директорының орынбасары сияқты мамандық иелері қатынасты.
Кездесу кеші барысында кеш қонақтары өздерінің еңбек өтілін баяндап, мамандықтары барысындағы қызықты да қилы сәттерімен бөлісті. Кәсіпкерлік және ауылшаруашылық бөлімінің сектор меңгерушісі Жеңіс Қуанұлы кездесуге қатысушы оқушыларға ауданымызда кәсіпкерлікті дамыту үшін, ауылшаруашылық саласына көп мән беріп, болашақта осы сала бойынша көптеген жұмыстар атқару керектігін айтып өтті. Сондай-ақ, «Атырау-Жарық» АҚ Индер аудандық филиалының бас маманы Кенжеғалиев Базарғали: "Қазіргі заманда өз мамандықтарын дұрыс таңдамай, адасып жүрген жастарымыз қаншама! Соларға дұрыс жол көрсету үшін құрылған «Болашаққа бағдар» жобасы - өте бір жауапты жоба. Мектеп бітіруші түлектерімізге осындай кездесулерді көбейтіп, өз ойларын ашық түрде жеткізе білулеріне, оларға сапалы түрде пікір айту осы сіздердің қолдарыңызда", – деп өз ойын ортаға салды. Ал, көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің директор орынбасары Гүлфара Есенжанқызы оқушыларға мамандық таңдауда жаңылмау керек екендігін айтып, арнайы дайындалған бейнеролик арқылы колледж жанындағы әртүрлі техникалық бағыттағы мамандықтармен, колледждің оқу-жаттығу, тәжірибе жасау алаңдарымен таныстырды.
Кешке қатысып отырған жоғарғы сынып оқушылары арасынан «Көктем» қазақ орта мектебінің оқушысы – Ж. Сапарованың «Қазіргі уақытта қандай мамандық қажет деп ойлайсыз?» - деген сауалына Индер көпбейінді ауылшаруашылық колледжінің оқу өндірістік шебері - Азидолла Ілиясұлы: «Қазіргі уақытта ауданымыздың дамуына көп үлесін қосатын мамандықтардың бірі жақсы тас қалаушылар, трактор жүргізуші мамандықтары ауыл шаруашылықтың дамуына көп үлес қосар еді», - деп жауап берді. Сонымен қатар, «Электрші мамандығы - өте жауапты әрі қауіпті мамандық. Сіздің осы мамандықты таңдауыңызға не себеп болды?», - деген көрермендер сауалына «Атырау-Жарық» АҚ Индер аудандық филиалының бас маманы Кенжеғалиев Базарғали: «Бала кезімізде жарық деген болған жоқ, біз ағаларымызбен ілесіп, жарықты қосу үшін станцияға барып, тоқтарын жалғағандарын көретінбіз. Сол кезден бастап менде осы мамандыққа қызығушылығым арта түсті. Ер жетіп мамандық таңдарда дәл осы мамандықты таңдадым және жаңылмадым. Қазіргі уақытта балам да электрші, алдағы уақытта немерем де осы мамандықты таңдайтынын білемін», - деп ойын ортаға салып, оқушылар тарапынан қойылған сауалдарға жауап беріп отырды.
Мектеп түлектері атынан 11 сынып оқушысы Мұқашева Жанаргүл: «Сіздер - сан жылдар бойы өз таңдаған мамандықтарыңызды оқып-біле жүріп, жұмыс жасап, көп тәжірибе жинаған маман иесісіздер. Оқушылар атынан сіздерге айтар алғысымыз шексіз. Себебі, сіздердің бізге берген ақыл-кеңестеріңіздің арқасында біз мамандық таңдауда жаңылмайтынымызға кәміл сенеміз. Бұл кездесуді біз үшін ұйымдастырған Жастар ресурстық орталығына алғысымызды жеткізгім келеді», - деп сөзін аяқтады.
Айта кететін жағдай, "Болашаққа бағдар" жобасы ауданның барлық мектептерінде өткізіледі деп жоспарлануда. Бүгінгі күні Есбол ауылындағы білім ошақтарында өткізілсе, шараның жалғасы, жаңа құрылған "Жас даурен" жастар қоғамдық бірлестігінің ұйытқы болуымен Елтай ауылындағы М. Сиранов атындағы орта мектепте өткізілді.
Ал шара соңы "Армандар орындалады" тренингімен өз мәресіне жетті. Мамандықты дұрыс таңдай білген адам «Мамандығым - мақтанышым» дей отыра, сол мамандықтың қыры мен сырын меңгеріп, шыңына жете білу керек. Қазақстанның болашағы - жас ұрпақ десек, олардың еш алаңсыз жеке тұлға болып қалыптасуы өз қолдарында. Жас жеткіншектеріміздің армандары алға жетелеп, болашақта өз мақсаттарына жетеріне сеніміміз мол!
Жолдаған: Жадыра Нариманова
Сурет: Жадыра Нариманова