- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Бидайдан қағаз алу:...
Бидайдан қағаз алу: алматылық оқушылардың жаңа зерттеуі
Шоқан Уәлиханов атындағы жекеменшік мектеп ұстаздары мен оқушылары бидай сабанынан целлюлоза алуды ғылыми тәжірибемен жүзеге асырды.
Қазақстан ауылшаруашылығында натрон әдісімен бидай сабанынан целлюлоза алуды мақсат еткен ғылыми топтың болжамы да ерекше: бидай сабанынан целлюлоза алуды және осы үрдістің қосалқы өнімін тыңайтқыш ретінде қолдануды көздеген.
Зерттеу барысында бидай сабанынан натрон әдісімен целлюлоза алған және оған морфологиялық сипаттама жасаған, оны микроскоп арқылы талдау жүргізіп, алынған целлюлозадан қағаз дайындап, әзірленген қағаз үлгілерінің физика-механикалық сипаттама жасаған.
Қазақстан Республикасында орманды аймақтардың тапшылығынан қағаз өнеркәсібі нашар дамыған. Сондықтан ауыл шаруашылық өнімдерінің қалдығы – бидай сабанын өте құнды шикізат ретінде қарастыруға және осы бидай сабанынан целлюлоза алуға болады деген қорытынды шығарған.
“Бұл нәтижемен целлюлозадан алынған қағаз өнімдерін тұрмысқа қажетті заттар, экологиялық таза пакеттер, пульперкартон (бұл заманауи экологиялық таза қаптама материалы) және ыдыс жасауға қолдануға болады”, – дейді жас зерттеушілер (Жумабайқызы Ақбота., Мукашев Алдияр.) мен олардың жетекшілері Тастанбекова А.А., Мухтар Н.М., Гадаборшева А.Р.
Табиғатқа кесірі тиетін пластиктің орнын баса алатын қағаз өнімдерін осындай жолмен дайындауға болатынын зерттеп, ізденген, дәлелдеген жас ғылыми зерттеушілер мен ұстаздарының еңбегі жоғары бағаланады деп сенеміз. Бұл зерттеулерімен бірнеше ғылыми жобалар байқауында топ жарып үлгерген.
Г. Берік