Кез келген бала ата-анасының маңдайынан құшырлана сүйіп, жылы сөздер айтқанын қалайды. Үнемі осы асыл адамдардың мақтанышы болып, қиын сәттерде қамқоршым болса екен дейді. ҰБТ – адам өміріндегі сынақтардың бірі. Қарапайым тестілеу болса да, оқушыны тығырыққа тіреп, күйзеліске шалдықтырады. Өкінішке орай, осындай кезде оқушы күйзелісті өткере алмай, өзіне қол жұмсап, зиянды әдеттермен айналысуы мүмкін. Сол себепті жақында ҰБТ тапсыратын балаңызға немесе жиендеріңізге қолдау көрсетуді ұмытпаңыз. Оларға қолдау көрсету барысында төмендегі ережелерді ескеріңіз.
1. Тамақтану
Балалар ҰБТ-ға дайындық барысында арнайы тамақтану режимін сақтағандары жөн. Яғни міндетті түрде күніне 3-4 рет тамақтанып, калориясы мен дәрумендері көп тағам жесе, өзін сергек сезінеді. Шоколад, көкөніс, бал, жаңғақ, жеміс-жидек, балық, ет сынды тағамдардың пайдасы мол.
- есте сақтау қабілетін жақсарту үшін: өсімдік майы қосылған сәбіз бен ананас шырынын;
- назарды бір арнаға жинақтау үшін: күнделікті шикі пияздың жартысын;
- шығармашылық қабілетті жақсарту үшін: түмен қосылған шәй;
- ғылыммен айналысуға күш-қуаты жету үшін: орамжапырақ пен лимон;
- көңіл күйіңізді көтергіңіз келсе: шоколад пен банан тұтыныңыз.
2. Экзаменге дайындалатын орын
Мұндай орынды сары және күлгін түсті заттармен жабдықтаған жөн. Бұл түстер белсенділік пен жұмыс істеу қабілетін арттырады.
3. Жұмысқа қабілеттілікті арттыру үшін
- ақыл-ой еңбегі мен қара күшті алмастырып отыру;
- көзді шаршаудан сақтандырып, демалуға мүмкіндік беру;
- таза ауамен көбірек демалып, теледидарды көруден, компьютер алдында ұзақ отырудан бас тарту;
- отбасылық ойындардың көмегімен танымдық қасиетті арттыру;
- тыныс алу жаттығуларының арқасында көңіл көтеру;
- отбасы мүшелері арасындағы жылы қарым-қатынасты қолдау.
Экзамен таяп қалған кезде
- баласының табысқа жететініне сену (Мен сенің қолыңнан келетініне толықтай сенемін; күлімсіреу, сыр шертісу, қорқыныштар туралы сөйлесу);
- көңіл күйінің көтеріңкі болуына назар аудару (Сен ақылдысың, күштісің және пысықсың. Мен сенімен мақтанамын! Қандай жағдай болмасын, сен – ең керемет жансың!);
- күйзеліске қарсы тұра білуге үйрету (іштегі адреналинді шығару үшін қорқынышты аттракциондарға отыру).
- ұйқысының бөлінбеуін қамтамасыз ету.
Инттеллектуалдық қабілетті іске қосу
1. Күйзеліс кезінде ағзамыз жансызданып қалғандай күй кешеді. Экзамен алдында минералды су ішкен жөн. Оның құрамында мидың электрохимиялық реакцияларына қатысатын калий мен натрий иондары бар.
2. Тыныс алу – антистресс – ауаны ішке қарай ақырын жұтып, үш рет сыртқа шығару. Мұны 3 рет қайталау керек.
3. Балаңызға мәтінді жылдам оқып шығуға кеңес беріңіз. Артынша сұрақты мұқият оқып, оған жауап беруін өтініңіз. Егер балаңыз сұрақтың жауабын білмесе, оны тастап кетіп, біраз уақыттан кейін қайта айналып келуін сұраңыз.
4. Балаңыздың ҰБТ-да алған балына түсіністікпен қараңыз. ҰБТ балы – балаңыздың мүмкіндіктерін субъективті бағалау.
5. Ата-анасының уайымы балаға міндетті түрде беріледі. Үлкендер жауапкершілікті талап ететін сәтте сабырлық танытса, бала да көргенін істейді.