Ата-ана мен баланың қалауы бірдей ме?

Университетте оқып жүргенде кей қатарластарымның «бұл мен оқитын жер емес, әкемнің айтуымен келдім…», «Негізі менің таңдауым басқа еді, анам осы мамандықта оқуымды қалады…» деген сынды әңгімелерін жиі еститінмін. «Сонда адам таңдауды өзі жасамай ма? Неге өзі қалаған мамандыққа тапсырмайды?» – деп ойлаушы ем. Сөйтсем, мұның тамыры тереңде жатыр екен. Бейресми деректер бойынша, балалардың 70 пайызы мамандықты ата-анасының айтуымен таңдайды екен. Жыл сайын психолог мамандар да мұның бала болашағына қауіпті екенін айтып дабыл қағуда. Бұл туралы бір сәт ойланып көрдік пе?

Барлық ата-ана баласының тәрбиелі, білімді, табысты мамандық иесі болғанын қалайды және осы жолда бар күш-жігерін жұмсайды. Баланың ішкі өзегі ата-анасы арқылы қалыптасатыны да белгілі. Алайда тіпті баланы жеке меншігіміздей көретініміз айдан анық. Осы тұрғыда «өз қалауымызды жүзеге асыру арқылы баланың табиғи қалыптасуына кедергі келтіріп жүрген жоқпыз ба?» – деген заңды сауал туындайды. Сауалымызға психолог Шұғыла Дуанаева былай жауап берді:

– Әрине, балаға таңдау еркіндігін беру қажет. Себебі бала ең әуелі отбасында өзінің менін тани бастайды. Осы кезде ата-ана баланың бастамасына қолдау көрсетіп, өзіндік шешім қабылдауына ықпал еткені жөн. Баланың өз бетінше дамуына мүмкіндік пен еркіндік беріңіз, шала істеген дүниесін қолынан жұлып алып түзетуге асықпаңыз. Ол бала үшін өзіндік тәжірибе деп қараңыз. Мұндай тәжірибесі мол бала өмірге қабілетті болып өседі. Бала әлеуметтік дағдыларды бірінші отбасынан сіңіреді. Егер балада шешім қабылдау, ойын еркін айту мәселесінде тәжірибе болмаса, ертең үлкен ортаға шыққанда жасық боп қалуы мүмкін. Бала мен ата-ананың қалауы бір арнада тоғысуы мүмкін. Алайда мұны «үлкендердің айтқаны дұрыс, үлкендер көп өмір сүрген, үлкендердің тәжірибесі мол…» деген принциппен баланың таңдау құқығын шектемеген дұрыс.

Ата-ана баланы өзінен асқан үлкен адам қылуды мақсат тұтады немесе өзі жетпеген биікке балам жетсін деген арман-тілекпен өмір сүреді. Осы сөйлемдегі «өзінен асқан», «өзі жетпеген» деген тіркестерге назар аударып көрейік. «Өзінен асқан» адам жасау не үшін керек? «Өзі жетпеген» биікке баласының жеткенін қалау дегенді қалай түсінеміз? Сонда ол ата-ана өмірден өз орнын таппаған, қалаған арман-мұратына жетпеген бе? Жоқ әлде жетпей, толмай қалған орынды баласы арқылы толтырғысы келе ме? Осылай қазбалай берсек, жауабы қиын сұрақтарға кез боламыз.

Ата-ана бала болашағына жоспар құрып, әртүрлі әрекет жасайды. Баланы түрлі үйірмеге, оқу орталықтарына береді. Сол арқылы баланың ішкі әлеуетін ашуға тырысады. Алайда бұл қанша уақытқа созылуы мүмкін? Ата-ананың шектен тыс қамқорлығы мен шексіз махаббатының кері әсері болмай ма? Бұл туралы психолог Елжас Ертайұлы өзінің «Баланы жазасыз тәрбиеле» кітабында былай дейді:

– Ата-аналардың махаббаты шектен тыс болуынан орынсыз уайымға беріліп, баласын қорғап, өзінің бақылауында ұстағысы келеді. Орынсыз уайымның әсерімен баласына қауіп төніп тұрғандай сезінеді. Сол қауіпті аймақта жүрген баласы жаман жолға түсіп кетеді деп қорыққандықтан баласын күшпен және жазамен басқарғысы келеді. Баласы бір нәрсені қате істеп, өз қалауына сай әрекет етпесе, өз бетімен кетіп, жаман жолға түсіп кетеді деген уайыммен оны дереу жазалап, алған бетінен қайтарғысы келеді.

Кейбір ата-ана баласының жасы өскен сайын өз ойы мен өз қалауы пайда болып, ата-анасының пікірі мен ұстанымдарын қолдамайтынын тілге тиек ете бастаған кезде «балам уысымнан шығып, маған бағынбай бара жатыр» деген үрей пайда бола бастайды. «Егер балам маған бағынбаса, өз бетімен кетіп, жаман жолға түседі» деген қорқыныш ата-ананы күш қолдануға итермелейді. Осылайша баланы күшпен уысында ұстап отырғысы келеді.

Шығыс Мичиган университетінің психологтары баланың таңдау құқығы оның тұлғалық қабілеттерін дамытуда ең негізгі шешуші фактор болып есептеледі дейді. Таңдау арқылы баланың қандай қабілеттері дамиды. Соған аз-кем тоқталып көрейік.

1. Өзін-өзі бақылау қабілеті

Барлық адам өз өмірінің қожайыны сезінгісі келеді. Әрине, балалар өзін толық тәуелсіз сезінбейді, себебі олардың әлі өмірлік тәжірибесі жоқ. Бірақ ішкі қабілеттерін дамытқан сайын бала өзінің не қалайтынын түсіне бастайды. Осы кезде олар мақсатына қарай ұмтылады. Өзін толық тәуелсіз сезіну мен жауапкершілік арқалауды үйрену уақыт пен тәжірибені қажет етеді. Ата-ана мұны ертерек түсініп, оның қабілеттерін шыңдауға көмектесуі керек. Ал мұны түсінбей, оның таңдау құқығын шектесе, бала өзіне сенімсіз, жаңа нәрсені үйренуге қауқарсыз болып өсуі ықтимал.

2. Өзін-өзі бағалау қабілеті

Бала сәтсіздікке ұшырау мен қателік жасауды қабылдағанда ғана дұрыс түсінеді. Сонда ғана қателескенде немесе жасаған әрекеті сәтсіз болғанда тез есін жиып, басқаша әрекет пен дұрыс таңдау жасай алады. Баланы қателескені үшін сөгуге, сынауға болмайды. Қайта оның әрекетін мақтап, өзін-өзі бағалау қабілетін арттыру керек. Барлығы қабылдауға байланысты.

3. Шешім қабылдау қабілеті.

Шешім қабылдау кезінде баланың санасында жаңа ойлар мен тың идеялар пайда болады. Ақылды шешім қабылдау үшін бала конвергентті ойлауды үйреніп, кейін дивергентті шығармашылық ойлауды жетілдіруі керек. Яғни әуелі деңгей бойынша тапсырмаларды орындап, дұрыс жауапты табу және шешімнің әралуандығын көре білу. Егер ата-ана баласының ақылды шешім қабылдауын қаласа, оны кішкентайынан бастап ойлау қабілетін дамытуға бейімдеу керек.

Қорыта айтқанда, әр адам жеке кеңістік, өзінше бір әлем. Бала да ешкімнің меншігі болмауы керек. Әсіреалаңдаушылыққа салыну арқылы баланың табиғи дамуына тұсау салмаған жөн. Ата-ананың міндеті – балаға дұрыс бағыт-бағдар беріп, ішкі қабілеттерін дамытуға көмектесу. Яғни дұрыс орта қалыптастыру, қажетті жағдай жасау және жанды қарым-қатынасқа икемдеу. Кейінгі мәселені баланың өзіне қалдырған дұрыс секілді. Баланың кеудесіне жауапкершілік, ар-ұят, обал-сауап сынды киелі құндылықтарды сіңіруге күш жұмсаған ата-ана ертеңгі күні алаңсыз күн кешеді. Мұндай құндылықтарды сіңіріп өскен бала өз тағдырына өзі жауапкершілікпен қарап үйренеді, өз бетінше шешім қабылдай алады. Былайша айтқанда тұла бойы тұнған комплекс емес, керісінше, өз ойын ашық білдіре алатын, алдына мақсат қоя білетін, арманшыл әрі қабілетті адам боп қалыптасады.

Жандарбек Жұмағұлов
zhasorken.kz