- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Асқар Жұмаділдаев: «Оқуға...
Асқар Жұмаділдаев: «Оқуға түсумен өмір бітіп қалмайды»
Осыдан бірнеше жыл бұрын түлектер ҰБТ деген не екенін білмей, оқуға емтихан тапсыру арқылы түсетін болған. Асқар Жұмаділдаев оқуға қалай түскені жөнінде былай баяндайды.
«Оқуға түсем» деп мүлде дайындалған жоқпын. Сабақты уақытында оқысаң болды емес пе? Мектеп бітірген соң, бірден Мәскеуге бардым. «Бізде әділдік болады» дегенге сенбедім. Мұнда тамыр-таныс болмады. «Құласаң нардан құла» деп, ММУ-ге барып құжат тапсырдым. Математикадан – «5», орыс тілінен «2» алдым. Қас қылғанда, Лев Толстойдың шығармашылығынан мазмұндама жаздырды. Толстойда құрмалас сөйлемдер көп. Беталды үтір, дефис қоя беріппін. Аппеляцияға беріп жүріп, «3»-ке әрең қол жеткіздім. Сөйтіп, оқуға түсіп кеттім. 4 рет Одақтық олимпиадаға қатысып, жүлде алғам. Соным ескерілді.
Студент кезімде Лениндік шәкіртақының иегері болдым. Негізі мені құртқан – тілім. Мектепті «қызылға» бітірер кезде әдебиеттен «4» қойып қойды. «Шығарма жаза алмайсың» деп шешті. Әу бастан қыршаңқы едім. Елдің бәрі сияқты ойлағым келмейтін. Мектепте жүргенде Бекежанды «жағымсыз кейіпкер» деп түсіндіретін. Мен оған қарсы шықтым. Меніңше, Бекежан – жағымды кейіпкер. Ол пәленбай жыл біреудің қойын бағып, қызмет етеді. «Ақысына қызыңды аламын» дейді. Бәрін берем деген бай қызын бермей, тайқып шығады. Өйткені, сырттан Төлеген келеді. Логикалық тұрғыдан қарасаң, Төлегеннің Қыз Жібектің еліне титей де еңбегі сіңген жоқ. Неге ол қызға ие бола салу керек? Сол елдің отынан кіріп, күлінен шыққан Бекежан неге күю керек? Қыз Жібек пен Төлеген үйленсе, жарты жылдан соң ажырасып кететін еді. Өйткені, Төлеген оң-солын танып үлгермеген, желкілдеп тұрған бала ғой.
Оқушы кезде Абайды түсінбедім. «Мектепте өлең оқығанша, өмірге жақын нәрселерді оқытпай ма» дейтінмін. Мысалы, қазір де футбол, интернет, фильмдер туралы қызықты мақалалар оқыған жақсы, баланың ұнатпайтын сабағын оқытқанша. Өмірге жақын нәрселерді практикалық тұрғыдан оқыту керек. ІІІ курстан бастап қана Абайды оқыдым. Қаймақ сияқты, оқыған сайын тұншығып қаласың. «Амалдап, қарағайды талға жалғап, әркім жүр алар жердің ебін қамдап» дейді. Қазіргі өмір. Абай өлеңді жүрекпен емес, ақылмен жазған. Ол ешқандай лирик емес. Оның мықтылығы – ойының тереңдігі.
Балаларға айтарым, халтурасыз сабақ оқу керек. Оқуға түсуді өмірдің шыңы сияқты ойлайды көп бала. Оқуға түсумен өмір бітіп қалмайды. Жеңіле білетін адам – нағыз адам. Жеңілмесең, адам бола алмайсың. Жас кезімде өмірден көп таяқ жедім. Ол үшін өкінбеймін. «Жетістікке жетем» деп еңбектендім. Мені өсірген – еңбек.
@. @assel_assanova