«Үйдесің бе, неге кеш келіп жүрсің?» сынды сөздерді жиі естіп жүрген шығарсыз? Анамыз жұмыстан үйге келе жатып қоғамдық көліктегі көп адам, жолдағы кептеліс, қолдағы ауыр сөмке сынды түрлі қиындыққа тап болады. Дәл осы қиындықтарды бастан өткеріп келгенінде үйдің астаң-кестеңі шығып жатқанын көреді: шұңғылшаның іші толған ыдыс, жерде кітаптар мен киімдер шашылып жатыр, кір жуылмаған және т.б.
Анасы: «Сен баяғы әдетіңе басып ыдысты жумағансың ба? Бұл не деген сұмдық!»
Қызы: «Сіз неге маған ұрыса бересіз?»
Анасы: «Мен үнемі сендерден кейін үй жинай беруден шаршадым. Сен ұқыпсызсың».
Оған барынша ренжіп, есікті тарс жауып шығып кетеді. Тыныштық орнайды. Негізі дәл осы сәтті ұрыссыз өткеруге болатын еді: ас үйге кіріп, кешірім сұрап, бетінен сүйіп, ыдыстарды жуып сынды. Бірақ, өкінішке орай, анасы да, қызы да қайтпас қайсарлық танытып, жанжалдасуда.
Анасы: «Сен еш уақытта маған қолғабыс болу туралы ойламайсың. Осы үй маған ғана керек сияқты. Сен өзімшілсің!»
Қызы: «Неге сіз маған үнемі тиісе бересіз? Сізге бұл өмірде тек кедергі жасайтын сияқтымын. Мен бұл үйден біржолата кетемін...»
Артынша жүректерінің түбінде жиналып қалған өкпе-наздарын айтады: «Үйге кеш келіп жүрсің, сабағың да нашарлап кетті. Математикадан екілік алып жүрсің. Мектеп формың да кірлеп кеткен...»
Қызы сырласып, ол кісіден қошемет сөз естимін деп күтсе де, анасы бала-шағасын киіндіріп, үйге тамақ әкелемін деп қатты шаршап, қызының математикадан бестік алғанын, өз бөлмесін жинастырып қойғанын байқамай қалуы мүмкін.
Жазған сценарийім сізге таныс па? Басынан бастап саралаған кезде анасын кінәлі етіп шығаратыныңыз анық. Ал, анасы өз кезегінде барлығына қызын айыптауы мүмкін. Алайда, бұл жерде кімнің кінәлі екенін іздемей, ұрысқа нүкте қою керек. Және ол нүктені қою міндеті сіз бен бізге жүктеледі.
Басыңа қонған бақыт құсын ұшқан кезде бірақ білерсің демекші, ата-анамыздың қадірін өмір бойы түсінбеуіміз мүмкін. Адам баласының ғұмыры шектеулі. Ол ғұмыр тек бір жағдайда ғана мәңгілік ұғымымен пара-пар бола алады. Яғни, әр күнді соңғы күндей өткізіп, тәтті естеліктерге толтырған кезде.
Сөзіме сеніңіз, уақыт жылдам өтеді. Оның жылдам өтетіндігі соншалық, жаныңызға жақын адамдардың бұрынғыдай қасыңызда еместігін байқамай қалуыңыз да ғажап емес. Сондықтан, ата-анамызды ренжітпейік!
Ал, Сіз анаңызбен жиі ренжісесіз бе? Және қандай себептерге бола ренжісесіздер?
Сурет: voxpopuli.kz (өңделген)