Қазақстанның Білім және ғылым министрлігінің өкілдері 2015 жылғы білім беру гранттарын үлестіру бойынша жағдайға түсінік берді, - деп хабарлайды massaget.kz тілшісі Tengrinews.kz сайтына сілтеме жасап.
Білім және ғылым министрлігінің Жоғары, жоғары оқу орнынан кейінгі және халықаралық қатынастар департаментінің директоры міндетін атқарушы Серік Өмірбаев Астанадағы баспасөз мәслихатында ата-аналар мен түлектерден көптеген арыз түсіп жатқанын хабарлады. Түлектер білім беру грантына іліге алмаған.
"Бізде тек "Алтын белгі" иегерлері ғана немесе олимпиада жеңімпаздары ғана кірген бірқатар мамандық бар. Бұл, айталық, халықаралық қатынастар, шығыстану, шетел филологиясы, құқықтану, кеден ісі, экономикалық барлық мамандықтар, медицина. 39 "Алтын белгі" иегері грант ала алмады. Себебі, бұл жастардың категориясы тек абыройлы мамандықтарды белгілейді. Әрине, олар өз балдары бойынша тізіледі, ал экономикалық және құқықтану мамандықтарына гранттар саны азаяды", - деп түсіндірді Өмірбаев.
Оның айтуынша, "Алтын белгі" иегері болған 39 түлек қана грантсыз қалмаған, халықаралық олимпиадалардың сегіз жеңімпазы да, халықаралық ғылыми жарыстардың 92 жүлдегері де және түрлі шығармашылық, спорт жарыстарының 293 жеңімпазы грантқа іліге алмады.