Алматыдағы Қожа-Ахмет-Яссауи атындағы 123 мектеп-гимназиясының түлегіШиара Құдайбергенова ҰБТ-дан 140 балл алды. Ол Ұлттық бірыңғай тестілеуді 25 маусым күні тапсырған болатын.Биылғы жылдың ең жоғарғы балын алынған Шиараны Білім және ғылым вице-министрі Асхат Аймағамбетов және Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек құттықтап, түлекке ноутбук пен кітап сыйлады. - Шиараны тамаша нәтижесімен құттықтаймын. Жарайсың! Кез келген ісінде жақсы маман болсын деп тілеймін. Оның мұғалімдері мен ата-анасына алғыс айтамын, - деп жас түлекті құттықтады вице-министр Асхат Баймағамбетов. №123 мектеп-гимназияның директоры Бағила Әшімбаева Шиараны құттықтай отырып, ол жайында былай деп сөз қозғады: - Шиара бұл мектепте бірінші сыныптан бастап оқыған. Жастайынан білімге құштар, ізденімпаз болып өскен ол әрдайым мектептің қоғамдық жұмыстарына белсене араласты. 10-сыныпта Шиара қызымыз екі ғана сабақтан төрттік баға алып қалды, бірақ әрдайым білімге құштар болды. Аудандық, қалалық олимпиадаларға қатысып, талай жүлделі орындар алды. Дебаттарға да қатысқан, өзі мың бұралып би де билейді. Жүрегі өте кең, иманды, адамгершілігі мол қыз, - деді мектеп директоры. Сонымен қатар мектеп директоры Шиараның бар ойы сабақта болғанын, оның таңғы 4-5-тен тұрып, дайындалатынын айтып өтті. Түрлі қосымша сабақтарға барып ҰБТ-ға аса мән беріп дайындалғанын және оның дайындығының негізі - қатемен жұмыс істеу болғанын айтты. Осы қатемен жұмыс істеу әдісі арқылы қызымыз өте жоғары көрсеткішке қол жеткізіп отыр дейді. ҰБТ-да География мен Математика пәндеріп таңдаған Шиара Астанадағы Назарбаев университетіне немесе Гумилев атындағы университетіне оқуға түскісі келеді екен. Қазақстанның табиғатын, жер қойнауындағы байлығы мен орманын зерттегісі келетін өте ізденімпаз қыз. Отбасы өте қарапайым. Жоғары балды дәл біздің түлектің алуына мектебіміздің тек сапалы білімге бағытталғаны себеп. Бізде жаттанды білім деген жоқ, көбіне баланың логикалық ойлау қабілетін жетілдіріп, сол ойды әрекетінде, тәжірибесінде пайдалануға баса назар аударамыз, - деді Алматы қаласындағы Ахмет Яссауи атындағы №123 мектеп-гимназиясының директоры Бағила Әшімбаева.