АҚШ-тың 5 ЖОО-на бірдей шақырту алған шәкірт

АҚШ-тың 5 ЖОО-на бірдей шақырту алған шәкірт
Фото: novacity.kz, Усенов Улан

Талдықорғандық талапкерге Гарвард, Стэнфорд, Колумбия университетіне, Массачусетc технологиялық, Калифорния технологиялық институттарына шақыру келген. Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Антон Моргунов бірнеше халықаралық олимпиадалар мен ғылыми жобалар жеңімпазы атанып, аталған университеттерге құжат тапсырып, мықтылар бәсекесінен озып отыр.

Бүгінгі кейіпкер – Антон Моргунов, НЗМ оқушысы, халықаралық олимпиада жүлдегері

Антон өткен жылдың соңында аталған университеттің грантына ие болған. Соңғы екі жылда 51-Халықаралық Менделеев олимпиадасы мен Накхонпатхомда (Тайланд) өткен 49-Халықаралық химия олимпиадасынан алтынмен оралған ол 15 жасынан «Квазар» атты мектеп журналын жарыққа шығарып үлгерген. Замандастарына кеңес ретінде аталған оқу орындарына түсу үшін, түрлі есептерді шешу үшін блогын да жүргізіп отырады. 

Массачусетc технологиялық  институты (MIТ)

Қаңтар айының соңында ол АҚШ-тың бірегей білім ордасы Массачусетc технологиялық институтына қабылданған. Роботехника мен жасанды сана саласында қызмет жасап, жаңалық ашып жүрген біраз маман осы ордадан түлеген. Солардың бірі де бірегейі болғысы келетін Антон алдында қандай тосынсый күтіп тұрғанын білген де жоқ.

Шырмауық лигасы (Ivy League)

Шырмауық лигасы тек АҚШ-тың емес, әлемдегі ең үздік білім ордаларының құрамасы. 8 америкалық университеттен құралған лиганың екеуі – Гарвард пен Колумбия университетіне шақыру алған отандасымыз осы жол үшін көп тер төккен. Шетелдік студенттерге арналған 10% жеңілдік Антонға қолдау болып отыр.

Колумбия университеті

"Шырмауық лигасының барлық университеті бір күнде қорытынды шығарып, жауаптарын жариялайды. Колумбия университетінен келген жауапты көріп, бірнеше ЖОО-ға құжат тапсырғаныма өкіндім, себебі, таңдау өте қиынға соғып отыр. MIТ-ке баратыныма сенімді едім, бұл университеттің ұсыныстарын оқып отырып, ойланып жүрмін. Мұнда бір артықшылығы – Химия, Психиатрия, Неврология және Медицина секілді 9 факультет біріге отырып, медицинаға қажет жаңа құралдар ойлап шығарады",– дейді Антон. Ертесіне Колумбия университетінен тағы бір қорап келген. Мұнда университет профессоры Стюарт Файерштейннің қолы қойылған «Невежество» атты кітабы, ресми шақыру хат, ғылыми шәкіртақы жаднамасы бар.

Гарвард университеті

Қаңтарда да Гарвардтың әкімшілік кеңсесінен электронды хат алған Антонды гарвардттық түлекпен Skype арқылы сөйлесуге шақырған. Сұқбат барысында да, келген шақыру хатында да бұл ұсынысты бір жыл кейінге қалдыруға болатыны айтылған екен. Антон бұл туралы да ойланып жүр.

Cтэнфорд университеті

"Стэнфорд университетінің де өз артықшылығы бар",– дейді Антон, – "болашақ жеке кәсіп иелері мен нағыз өнертапқыштар жиналатын орын".

Калифорния технологиялық институты (CalTech)

"Бұл жерде адалдыққа үйретеді. Студент емтиханды үйіне алып кетіп, қалаған уақытта, қалаған жерде жазып, өткізе алады. Бұл – Ар-ождан Кодексімен бекітілген талап. Сонымен қатар, 34 оқытушы мен 35 түлек – Нобель сыйлығының иегері. Эйнштейннің бұл жерде 3 жыл қызмет еткенін айтпай кету мүмкін емес. Осы сияқты артықшылықтары көп",– дейді Антон.

Таңдау

Бұл таңдау Антонға қиынға соғып отыр. Антонның айтуынша, артықшылықтары мен кемшіліктерін тізе отырып шешім қабылдауға болар еді. Бірақ, білім жүйесіндегі артық-кемі деп емес, ауа райы, климат, орналасқан жері, бір-бірінен қашықтығы, сол ортаның қоғамдық өмірі деп зерделеп барып таңдау дұрыс секілді дейді. 

Білімдіден кеңес

Өзінен кейінгі әрі ҰБТ тапсыратын замандастарына ғылымға не өнерге деген бейімділігін іздеп табуға кеңес береді. "Жүрегің қалаған дүниені жасауға тырыс, ешқашан берілме! ҰБТ – жай ғана сынақ, одан қорықпау керек!" дейді.

"Facebook желісін ендігі студент атанған жастармен тілдесуге, Вконтакте желісін оқу-білімге байланысты тікелей эфирлерді тамашалауға, Instagram-ды шаршаған сананы тамаша табиғат суреттерімен демалтуға пайдаланамын, ал Тelegram-да өз арнам бар, сол жерде өз білгеніммен бөлісемін, өзгелердің де ойын біліп отырамын" деп, бос уақытты тиімді пайдалану және ғаламтор мен әлеуметтік желіні дұрыс мақсатта қолдана білу керектігін айтып сөзін түйді. 

Г. Берік