- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- Ақмолада филология мамандығына...
Ақмолада филология мамандығына бөлінетін грант саны артады
Ақмола облысында филология мамандығына бөлінетін грант саны артады. Бұл туралы өңір басшысы Сергей Кулагин азаматтарды жеке мәселелері бойынша қабылдау барысында мәлімдеді.
Облыс әкімінің қабылдауына келген Ш.Уәлиханов атындағы Көкшетау мемлекеттік университетінің орыс филологиясы және кітапхана ісі кафедрасының меңгерушісі Гүлнәр Фаткиева «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша түлектерге облыс әкімінің грантын бөлу мәселесін көтере келген екен. Оның айтуынша, кафедра жүргізген сараптама бойынша аталмыш оқу орнында жыл өткен сайын «Орыс тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша бітіруші студенттер саны азаюда, ал оқығысы келетіндердің оқу ақысын төлеу мүмкіндігі жоқ. Биыл аталмыш бөлімге 12 түлек құжат тапсырыпты. Олар енді мемлекеттік гранттың бөлінуін күтуде. Мемлекеттік тапсырыс бойынша грант жыл сайын тек 3-4 студентке ғана бөлінеді. Ал қалғандары өз жеке қаражатына оқуы тиіс. Оқу құны шамамен 430 мың теңгені құрайды. «Құжат тапсырған түлектердің бірнешеуіне өңір басшысының грантын немесе жеке шәкіртақысын тағайындау мәселесі шешілсе, нұр үстіне нұр болар еді. Өйтпеген жағдайда болашақта осы сала бойынша өңірде мамандар жетіспеушілігі орын алатын болады», – деді Гүлнар Фаткиева.
Өңір басшысы бұл мәселенің бақылауда болатынын айта келе, Ақмола облыстық жастар саясаты мәселесі басқармасының басшысына облыс әкімінің бірнеше грантын бөлу және жеке демеушілерді тарту мүмкіншілігін қарастыруды тапсырды.
Дереккөз: bnews.kz
Е. Жұмабайұлы