Психологтар мен мұғалім мамандар мектеп бітіргеннен университетке түскенге дейінгі уақыттың бала үшін маңызды шақ екенін айтады.
Батыста бұл уақытты Gap year деп атайды. Яғни, оқуды бітіргеннен кейінгі уақыт. Еуропа мен АҚШ оқушылары бұл уақытта өзін-өзі тануға, әлем аралау мен волонтер болуға арнайды.
Мұндай тайм-аут Батыста кең таралған. Үлкен өмірге қадам басқан жеткіншектер дүниеге деген көзқарасын өзгерту, жаңа достар табу мен жаңа эмоцияға бөлену үшін соңғы қоңыраудан кейінгі өмірін бөлек нәрселерге арнайды.
Жақсы ма әлде жоқ па, ол жағы белгісіз, бірақ Қазақстанға мұндай көзқарас пен түсінік әлі келе қойған жоқ. Қазақстандық оқушыларда мектеп бітіргеннен кейін жоғары оқу орнына түсу керек деген қасаң қағида бар. Оның үстіне, тапсырған ҰБТ-ның сертификаты аз уақыттан кейін жарамай қалады. Мәселен, көрші Ресейде бірыңғай емтихан тапсырғандардың сертификаты 4 жылға дейін жарамды.
Қазақстандық жастарға Gap year-ді жоғары орнын бітіргеннен кейін ұйымдастырса болады. Немесе мектеп бітіргеннен кейінгі 2-3 ай да біршама демалысқа жарап қалады.
Демалыс не үшін маңызды?
Оқушылар 10 және 11-сыныпты түгел ҰБТ-ға дайындалуға арнайды. Бала үшін ең қиын, күйзеліс пен күйбелеңге толы кезең. Мұғалім мен ата-ана тарапынан қысым көп, жауапкершілік мол.
«Қандай мамандыққа барам, қай оқуға түсем?» деген ойлар да баланы сан-саққа мазалап, еңсесін түсіреді. «Оқуға түсе алам ба әлде жоқ па?» деген әлеуметтік жауапкершілікті те кеудені басып, балаға салмақ салады. Мұның бәрі шаршатып, жалықтырып, күйзелтіп жібереді. Міне, осы күйзелісті сейілту үшін де тайм-аут керек.
Мектеп бітіргеннен кейін университетке түсті дегеннің өзінде, қайтадан оқу мен сабақ, күйбелең тірлік басталады. Ал ЖОО бітіргеннен кейін жұмыс пен тіршілік, табыс табу деген жауапкершіліктер алдыңнан шығады. Сондықтан оқуға не жұмысқа кіріспес бұрын батыстағыдай 2 жылға дейін үзіліс алып, демалып, тыныстап, бүкіл қуатыңды реттеп алғаның жөн.
Ендеше мектеп не университет бітіргеннен кейін не істеуге болады?
Әлемді тану
Саяхаттау, әлемді тану – адамның көзқарасы мен дүниетанымын түбегейлі өзгертетін құбылыс. Қазақ «көп білгеннен емес, көп көргеннен сұра» дегені осы. Мың естігеннен бір көрген артық.
Барғыңыз келген ел мен жерді таңдап, сол жаққа барудың жолын іздеу керек. Мектеп не университет бітіргендердің қолында көп қаржы болмасы да белгілі. Сондықтан басқа мемлекеттерде волонтер болудың, тағылымдамадан өтудің жолдарын қарастырған абзал. Оны ұйымдастыратын арнайы компаниялар бар. Олар тұратын жер мен тамақтануды шешіп беруі мүмкін. Тіпті, тәлімдемеден өткенің үшін ақы төлеуі де ғажап емес.
Мәселен, әлемнің кез келген жеріне волонтер қып жіберетін Help Exchange порталын алсақ болады. Оған өтініш беріп, орын таңдауға болады. Тегін баспана табу оңай, кей кезде тамақ та тегін болуы мүмкін.
Мамандық таңдауға кірісу
Gap year – мамандық таңдау мен оны үйрене бастаудың керемет кезеңі. Игергің келген мамандықты қайдан үйренуге болады, неден бастау керек, тағылымдамадан өтетін жер қайда – сол нәрсемен бас қатыратын уақыт.
Белгілі бір компанияда тегін жұмыс істеу арқылы мол тәжірибе жинауға болады. Сол тәжірибемен кейін жоғары орнында білім жалғастыруға жол ашық.
Қарапайым ғана, іс тігуді, көлік жөндеуді, тағам жасауды, құрылысты үйренсеңіз де, өміріңізге пайдасы мол болары анық.
Жұмыс істеу
Жаңа орта жаңа достарды табуға көмектеседі. Мектептен кейінгі бір жылыңызды жұмыс істеуге арнасаңыз да болады. Кез келген жұмысты адамды дамытатыны белгілі. Жаңа нәрселер үйренуге, табыс табуға, өмірдің мәнін түсінуге әсер етеді.
Жұмысқа орналасқан кезде табыс табуды емес, барынша жаңа нәрсені үйренуге талпынғаныңыз жөн.