- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- 2025 жылға дейін...
2025 жылға дейін 800 жаңа мектеп салынады
Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтты.
«Келесі маңызды бағыт — инфрақұрылым. Болжамға сүйенсек, 2025 жылға қарай орын тапшылығы 500 мыңға жуық орынды құрайды. Бұл тек қана мектептерде. Аталған проблемаларды шешу үшін мектептер мемлекет және жекеменшік тарапынан салынатын болады. Атап айтқанда, 650 мыңнан астам орынға 800 жаңа мектепті мемлекеттік бюджет тарапынан және жеке инвестиция тарту арқылы салу жоспарланды. Оған 876 млрд теңге бөлінеді. Нәтижесінде 3 ауысымды мектептер мен орын тапшылығы шешіліп, апатты мектептердің саны азаяды», — деді 2025 жылға дейін Қазақстанда білім мен ғылымды дамытудың мемлекеттік бағдарламасын таныстырған Асхат Аймағамбетов.
Бұған қоса, министрдің айтуынша, ауыл мектептерін қолдау үшін «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасымен байланыстырылып, ауылдағы тірек мектептер үшін 114 интернат салуға 53 млрд теңге бөлу жоспарланған.
«Бүгінгі күні елімізде 1879 мектепте мүлдем спорт залы жоқ. Осыған орай оқушы саны 150-ден асатын барлық мектепте спорт зал салынады. Осы мақсатта 724 спорт залын салуға 80 млрд теңге бөлінді. Жаңа бағдарлама аясында барлық мектептерді физика, химия, биология пәндік кабинеттермен толық қамтамасыз етуге 100 млрд теңге, пәндік кабинеттерді компьютерлермен қамтуды 100 пайыз жеткізу үшін 50 млрд теңге тағы бөлініп отыр. Бұл мәселелердің жылдар бойы шешілмей келгенін атап өткім келеді және бұл шын мәнінде білім саласы үшін өте үлкен жақсы жаңалық», — деді ол.
Г. Берік