- Негізгі бет
- Жоғарғы сынып
- 2015 жылғы ҰБТ...
2015 жылғы ҰБТ ережелері - 2
№36 Ұлттық тестілеу орталығы филиалының басшысы Людмила Гейцман 2015 жылы ҰБТ-ның қалай өтетіндігі туралы мәлімет берді, - деп хабарлайды Massaget.kz тілшісі YK-news.kz ақпараттық порталына сілтеме жасай отырып.
- Денсаулығы нашар талапкер үшін арнайы жағдай жасауға бола ма? Мысалы, қосымша жарықпен қамтамасыз ету сынды.
- Аудиторияны қалалық санитарлық инспекция тексеріп, бөлменің салқын болмауына, жарықтың дұрыс түсуіне назар аударады. Әдетте медициналық көрсеткіштерге сәйкес арнайы аудитория болуы керектігі туралы айтылады. Алайда көп жағдайда оның қажеттілігі жоқ. Жүрегіне ота жасалғанда, қояншық, қант диабеті сынды ауруларға шалдыққанда, көз көруі мен естуі өте нашар болған кезде ғана арнайы аудитория мәселесі қарастырылуы мүмкін. Мұнымен қатар, арнайы аудиторияны талап етуші мемлекеттік комиссияға өтініш жазуы тиіс.
- Оқушыны экзамен нәтижесі қанағаттандырмаған жағдайда кімге бара алады?
- Ережеге сәйкес талапкер апелляцияны нәтижесі белгілі болған уақыттан 14 сағат өтпей тұрып беруі тиіс. Өтініш тестілеу өткен жеріне байланысты беріледі. Өзімен бірге төлқұжаты мен ҰБТ-ға кіру рұқсатнамасын ала баруы керек. Өтініште не нәрсемен және не себепті келіспейтіндігіңізді көрсетесіз. Сұрақ дұрыс құрылмаған, дұрыс жауап берілмеген немесе бірнеше дұрыс жауап берілген сынды мәселелер болса, оны нақты жазыңыз. Бұл жерде мағлұмат берушілерді нақты көрсетіп, өз пікіріңізді не нәрсеге сүйеніп айтып жатқандығыңызды да жазуға тиіссіз. Білім министрлігі ұсынған әдебиеттер тізімі ғана қарастырылады. Техникалық мәселелерге байланысты да түсініспеушіліктер болуы мүмкін. Мысалы, сканер бір дөңгелекті екеу деп танығанда немесе боялған дөңгелекті қабылдамағанда.
Уәкілетті орган өтінішті бір күн ішінде қарастырады. Өтініш білдіруші апелляциялық комисияның отырысына қатысуы тиіс. Жергілікті органның шешімі республикалық деңгейде қарастырылып, кесімді болып саналады.
- Апелляция кезінде оқушылар сөзінің растығын дәлелдей алатындай ерекшеліктер бар ма? Өтініш жазушы нені ескеруі керек?
- Тестілеуге қатысушының ҰБТ-ны толықтай тапсыруының маңызы зор. Оның қолында ҰБТ-дан кейін алып кетуге болатын, дұрыс жауаптар жазылған шимай қағазы болады. Екі дұрыс жауабы бар немесе тек қате жауап берілген сұрақтардың нөмірін өзіне жазып алғаны жөн. Әйтпесе апелляция кезінде балын жоғарылатуды талап етуі қиындайды.
- Комиссия оқулықтағы мәліметтермен қатар академиялық анықтамаларды да ескереді ме? Олардағы мәліметтер әртүрлі болса ше?
- Оқулықтардан өзге қосымша әдебиеттер де бар. Олардың барлығы да Білім министрлігінің нұсқауымен академиялық әдебиет ретінде ұсынылған болатын. Аталған әдебиеттердің саны өте көп әрі барлық мектепке тапсырылады.
- Он бірінші сынып оқушысы ҰБТ-дан құлап, ереже бұзған жағдайда не істейді? Ол аттестат ала ма?
- Бұл жағдайда ҰБТ-ны дәстүрлі тәсілмен тапсыруына тура келеді. Ең алдымен, мектеп директорына оған қатысуы үшін өтініш жазуы тиіс. Директор рұқсат беріп, артынша нәтижесіне сәйкес аттестатын алады. Ал оқуға тек келесі жылы ҰБТ мен кешенді тестілеудің нәтижесінен кейін ғана тапсыра алады.
- Кешенді тестілеу қай уақытта өтеді? Оның ҰБТ-дан айырмашылығы қандай?
- Биылғы жылы талапкерлерге арналған кешенді тестілеу 17-23 шілде аралығында өтеді. Оның ҰБТ-дан еш айырмашылығы жоқ. Кешенді тестілеу 2,5 сағатқа созылады. Оны 4 пәннен тапсырады. Тестілеуге қатысу алғашқысына қарағанда оңай болуы мүмкін. Жыл сайын тапсырманың 20%-ы ғана өзгеріп отырады. Яғни талапкер тапсырманың тең жартысын біледі.
- Бізде оқушыларды ҰБТ-ға дайындап, күйзелісті алдын алуға көмектесетін психолог мамандар бар ма?
- Бұған қатысты барлық мектептің психолог мамандары белсенді түрде жұмыс істеуде. Жоғарғы сынып оқушылары арнайы тренингтен өтеді. Бұдан өзге тестілеумен орта буыннан бастап таныс екендігінің де пайдасы бар. Ал ата-аналары мен ұстаздары балаларға тек жағдайды қиындатпау арқылы көмектесе алады. Тестілеудің қорытындысы қандай болса да, олар әрдайым келесі жылы тестіні қайтадан тапсыра алады.
Мамандық иесі атану үшін міндетті түрде ЖОО-ға түсудің қажеті жоқ. Қорытындысы белгілі болған соң, міндетті түрде түлектермен, олардың ата-аналарымен кездесіп, болашақтары туралы сөйлесеміз. Бұдан өзге де түрлі нұсқа бар. Қандай жағдай болмасын, ҰБТ өмірдің соңы емес. Англияда осыған қатысты дәстүр де бар: оқушылар мектептен кейін бірден ЖОО-ға тапсырмайды. Ата-аналар балаларын бір жерге волонтер болуға жібереді. Олар өз кезегінде барған жерінде өз бетінше өмір сүруді үйреніп, өзін ересек адамдай сезінеді. Жасөспірімдер өмірді танығаннан кейін ғана мамандық таңдап, ЖОО-ға түседі. Әрине, біздің жағдайымызда барлығы ақшаға келіп тірелетіні түсінікті. Мұнымен қатар, баланы өз бетімен жіберуге де қорқатыны анық. Алайда ата-аналардың басты мақсаты – баланы жөнге салу емес, оған өмірдегі өз орнын табуға көмектесу. Ал университетте мұны үйретпейді.
Қ. Бүйенбай