Алтын белгіге ұсынылған оқушыға ата-анасы, туыстары, мектеп директорынан бастап оқушыларға дейін сенім артып, мойнына үлкен жауапкершілік іледі. Осы жауапкершілікті абыроймен атқара аламын ба, жоқ па деген оймен оқушы жыл бойы өзін мүжіп бітіреді. Ондай уайыммен қажығанша, бағалары түгел бестік бола тұрса да, «алтын белгіге» ұсынылмаған балалардың ұйқысы тыныш па дейміз.
Ал енді оқушы «Алтын белгіні» қорғауды емес, білім жиюды көбірек ойлап, уақытын уайымдаумен емес, дайындықпен өткізді дейік. Бәрі жақсы болды, нәтиже шықты, «Алтын белгіні» қорғадық. Енді ЖОО мен мамандық таңдау қалды. Дұрыс шешімді қалай жасаймыз?
Грант ала алмай халықты шулатқан 39 «Алтын белгі» иегерін көріп, ендігі тапалкерлер «Алтын алсам болды, маған кез келген оқу орнының есігі айқара ашық» деген ойдан арылатын болар.
«Алтын белгі» иегері не олимпиада жеңімпазы бола тұра, грантқа түсе алмай қалсаңыз, ешкімге кінә артпаңыз. Грант – еңбек нарығын реттейтін құрал. Мал дәрігері керек пе – грант бар, заңгер керек пе – грант жоқ. Бұл не деген сөз? Қай мамандыққа қанша грант бөлінгенін жақсылап анықтау қажет.
Білім және Ғылым министрлігін мемлекеттік грант конкурсы аяқталмайынша қай мамандыққа неше грант бөлінетінін алдын ала хабарламайтыны үшін ғана айыптауға болады. Ал бірақ, бізде бұл мәселені шешуге мүмкіндік бар. «Егемен Қазақстан», «Казахстанская правда» газеттерінің өткен жылғы сандарын тауып алып, қай мамандыққа түсу мүмкіндігінің жоғары екенін салыстырыңыз. Газет табылмаса, интернет беттерінде де бар. Ұқсас мамандықтардың беретін ілімінде де аса көп айырмашылық болмайтынын ескеріңіз.
Қабылдау комиссиясында отырғандардан жұмысын дұрыс орындауын талап етіңіз. Яғни, олар сізге тапсыратын мамандығыңызға грантқа түсуге қаншалықты мүмкіндігіңіз бар екенін ескертіп, бағыт беруге міндетті. Солай екен деп, қызметкердің кеңесіне түбегейлі еріп кетпеңіз. Жүрегіңіздің үніне де құлақ түріп, қабылдаушы кеңесін де қаперге алып, ортақ шешім қабылдаңыз.
Осыдан 5-6 жыл бұрын бір жылда жүзден астам түлек мемлекеттік грантқа ие бола алмаған. Бұл қалыпты жағдай. Бірақ бәрібір басында білімі бар бала далада қалмайды. Қабылдау комиссиясына барып, жағдайды жақсылап түсіндірсе, жоғары оқу орнының ректорлары білімді балаларды қолдап, амалын табады.