Балалар колониясындағы бір күн

Балалар колониясындағы бір күн
Фото: Massaget.kz\Yernar Almabek

Еліміздегі жалғыз балалар колониясы – ЛА-155\6 мекемесі Алматыда орналасқан. 1941 жылы іргесі қаланған бұл мекемеде бұрын мыңнан аса бала жазасын өтеген. Бүгінде бұл жер 110 орынға қысқарған, қазір мұнда бас бостандығынан айрылған 53 бала бар. Массагет порталы колонияға барып, оның бір күндік тұрмыс-тіршілігімен танысып қайтты.

Біз барғанда балалар сабақта екен.  

"Балалар қылмыспен ұсталғаннан кейін біраз уақыт білімнен қол үзіп қалады. Ұзақ уақыт тергеуде болып, бізге келгеннен кейін қалып кеткен білімін толық алуға тырысады. Аптасына 5 күн сабақ оқиды", - дейді мектептің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі Әлиева Айзада.

Балалар колониясында жалпы 38 бала білім алады. Қазақ бөлімінде – 23 бала, орыс бөлімінде 15 бала оқиды. Балаларға білім беретін мұғалімдердің саны – 11.

ЛА-15\6 мекемесінде жазасын өтеушінің жасы 18-ден асып кетсе де қалуға болады. Арнайы соттың бұйрығымен олар жасы 21-ге толғанша осында болады. Жасы 21-ге толғанша жазасын өтеп болса, осы жерден үйіне жіберіледі. Егер жасы 21-ге жеткенде жазасын өтеу мерзімі бітпеген болса, ары қарай жазасын өтеуді ересектер түрмесінде жалғастырады.

"Бұл қылмыстық атқару кодекстің 156 бабында көрсетілген. Егер бала "қаламын" деп арыз жазса, арнайы құжаттар жинаймыз да, сотқа жібереміз. Сот шешімі бойынша ондай балалар осы мекемеде қалдырылады", – дейді тәрбие бөлімінің бастығы, әділет майоры Алма Бәзілбаева.

Қазір балалар колониясында жасы 18-ден асып кеткен 17 бала жазасын өтеп жатыр.

Біз ары қарай санитарлық бөлімге бардық. Бұл жерде терапевт, психиатр, дәрігер-стоматолог, екі фельдшер мен екі медбике жұмыс істейді. Балалар жиі тексеруден өтіп тұрады. Мекеме дәрігерлері жылына 4 рет 5 қалалық емхананың мамандарымен бірігіп, балаларды жаппай медициналық тексерістен өткізеді.

"Қазір мекемедегі балалар арасында коронавируспен ауырған бала жоқ. Кейінгі 5 жылда АҚТҚ және туберкулез ауруын жұқтырғандар мүлдем болмады. Себебі, біз алдын алу шараларын жиі өткізіп, балаларды емдеп тұрамыз. ЖИТС пен түрлі жұқпалы аурудың мамандары келіп арнайы лекция оқиды. Мысалы, пандемия кезінде бір де бір бала коронавирус жұқтырған жоқ. Мекемедегі медицина мамандары балалардың да, мекеме қызметкерлерінің де дене қызуын өлшеп, тексерістен өткізіп тұрады", - дейді медицина бөлімінің бастығы, әділет майоры Таласбаев Сыйлыхан Темірханұлы.

Мекемедегі балалар отбасымен қанша сөйлесемін десе шектеу жоқ. Ауладан арнайы сөйлесетін телефон будкаларын көзіміз шалды.

"Бұлар әлі кәмелетке толмаған балалар болғандықтан үйімен сөйлесуіне шектеу қоймаймыз. Ата-анасымен де жиі кездесіп тұрады. Балалардың ата-анасы осы мекемеге келіп олардың қасында 2 күн қонады. Біз арнайы орын бөлеміз. Дағдылы жағдайда 2 ай сайын ата-аналардың келіп қонуына болады. Ал қысқа мерзімде 2-4 сағатқа кездеседі. Балалар жеңілдетілген мерзімге ауысқан кезде 25 күн сайын ата-анасымен кездесе алады", - дейді Алма Бәзілбаева.

Пандемияға байланысты ата-аналар мекемеге келе алмайды. Сондықтан, балалар Skype-пен сөйлеседі

Колонияда балалардың жан-жақты білім алуы үшін кітапхана ашылған. Қазақ әдебиеті мен шетел әдебиетінің шығармалары бар.  

"Жалпы кітапханамызда 2705 кітап бар. Соның 1200-і орыс тілінде, қалғаны қазақ тілінде. Салт-дәстүрге сәйкес діни 50 кітап бар. Бұл кітапхана қалалық Жамбыл атындағы жасөспірімдер кітапханасымен тығыз байланыста жұмыс істейді. Қазір пандемияға жағдайы болғандықтан онлайн байланыс орнатылған", - дейді кітапхана меңгерушісі Жеңісхан Еркегүл.

Кітапханада түрлі классикалық шығармалар самсап тұр. Кез келген кітапты балалардың оқуына шектеу жоқ

"Мекемедегі балалар түрлі жанрдағы кітапқа қызығады. Бізде Абай жолы да бар. Балалар Әуезовтің классикалық туындысын да оқиды. Қазір өте көп оқитын 4 бала бар. Олар түске дейін мектепте сабағын оқиды, түстен кейін кітапханаға келіп кітап оқиды. Олар шығармашылыққа жақын, өлең, әңгіме жазады. Туындыларын "Үркер" сынды журналдарға, газеттерге жариялауға жібереміз", - дейді Жеңісхан Еркегүл.

Колонияда кинозал да бар. Балалар сенбі-жексенбі күндері кино көреді

"Балалар сыртқы өмірден қол үзіп қалмауы үшін барлық жағдай жасалған. Демалыс күндері киносын көреді. Шахмат-домбыра үйірмелеріне қатысады. Спорт үйірмелері былтырға дейін болды. Пандемияға байланысты тоқтатып қойдық", - дейді тәрбие бөлімінің бастығы.

Алма Бәзілбаеваның айтуынша, балалар бос отырмайды. Пандемияға дейін 2012 жылдан бері сырттан арнайы маман келіп балаларды ұн өнімінен түрлі тағамдар дайындауға үйретіп келген. Әр 3 айда 5 бала наубайшы мамандығын игеретін болған.

Бұл мекемеде аса ауыр қылмыспен сотталған балалар жазасын өтейді. Ал жеңіл қылмыспен ұсталған балаларға шартты жаза беріледі. Балалар колониясындағы  аса ауыр жаза – 12 жыл.

"Адам өлтіру, денеге ауыр зиян келтіру, зорлық-зомбылық секілділер осы балалар колониясына жіберіледі. Қазір адам өлтіру қылмысымен қамалған 3 бала бар. Бәрінің жасы 15-тен асқан. Жазасы қылмыс жағдайына байланысты әр түрлі. Бір бала 12 жылға бас бостандығына айрылып, жазасын өтеп жатыр. Оның жасы былтыр 18-ге толып, сот шешімімен 21-ге дейін осында қалдырылған", - дейді әділет майоры Алма Бәзілбаева.

Жалпы мекемеде мұғалімдерден бөлек 73 әскери қызметкер жұмыс істейді. Бұдан бөлек 21 әскери емес қызметкер бар. Ал мекептегі мұғалімдер штатқа кірмейді. Барлық жерге бақылау камерасы қойылған. Сондықтан бұл жерде балалар арасында зорлық-зомбылық істері болмайды.

"Балалар бұл жерде мектептен бөлек өмірдің өзінен сабақ алады. Бұл жерде олардың көзқарасы өзгереді. Төбелесіп, жанжалдасса, жазасын өтеу мерзімі ұзаратынын жақсы біледі. Сондықтан, зорлық-зомбылық бұл мекемеде болмайды. Оның үстіне барлық жерде камера бар, кезекшілер бақылап жүреді. Мекемеге түскендердің басты арманы колониядан тезірек шығып, жаңа өмір бастау", - дейді Алма Бәзілбаева.

Мекеме қызметкерлері балалар өміріне бей-жай қарамайды. Оларды үлкен өмірге дайындайды. Осы жерден шыққасын бірден жібере салмайды. Алдымен ата-анасын шақырады, егер үйінен ешкім келмесе тұрғылықты жеріне апарып, ата-анасының қолына тапсырады.

Сабақтан тыс балалар жасақта болады. Оларға арнайы бос уақыт беріледі. Біз жасаққа барған кезде балалар футбол көріп жатыр екен

Жазасын өтеуші Мақсат та 18-ге толған. Ол зорлық-зомбылық бойынша қылмысты болып, бас бостандығынан айрылған. Былтырдан бері балалар колониясында жазасын өтеп жатыр.

"Мен 2002 жылы Қызылорда облысы Төретам кентінде дүниеге келдім. Ата-анамнан жастайымнан айрылып, әжемнің қолында өстім. 9-сыныптан кейін Шымкенттегі әскери мектепте білімімді ары қарай жалғастырдым. Демалыс кезінде аулыма келіп балалармен саябақта демалып отырған кезде бейтаныс, мас кісі келіп балағат сөздер айтып, тиісе бастады. 1 жасымда ата-анамнан айрылған соң мұндай сөздер намысма қатты тиді. Оны бір рет ұрдым. Қасымдағы досым меннен кейін барып ұрып, телефонын алып кетіпті. 6 айдан соң бізді қамады. Қазақстан Республикасының қылыстық кодексінің 192 бабы 2 бөлімі бойынша 5 жылға бас бостандығымнан айрылдым. Қасымдағы досым ересектер арасындағы түрмеде жазасын өтеп жатыр. Ол меннен үлкен болатын", - дейді Мақсат.

Мақсат бұл жердегі балалардың бір күндік тұрмыс тіршілігін айтып берді

"Біз таңертең 06:00-де ұйқыдан оянамыз. Төсек орнымызды жинаймыз. Сағат 07:00-де саппен таңғы ас ішуге барамыз. 07:30-да қайта келіп үлгермей қалған жерлерді жинаймыз. Сағат 08:30-да сапқа тұрамыз, мектепке сабаққа барамыз. Сабақтан 13:00-де шығамыз. 14:00-де түскі асқа барамыз. Сағат 15:00-де түскі сапқа тұру болады" - дейді Мақсат.

 Түскі асқа бара жатқан балалар

"Сапқа тұрудан кейін балалардың бір бөлігі ағаш-темір цехына барып ағаш өңдеуді, темір жонуды үйренеді. Домбыра істейді. Ал қалған балалар домбыра-гитара, шахмат үйірмелеріне қатысады. Бұдан бөлек Ақниет атты тігін шеберханасы бар. Ол жерде біз медициналық маска, түрлі киім тігуді үйренеміз. Бізге тапсырыстар келеді. Ақшасын үйдегі ата-анамызға жібереді" - дейді Мақсат.

Мақсат қылмысты болғанына өкінеді. Болашақта шаштараз болғысы келеді.

Ол 18 жасқа толғасын осында қалуға арыз жазған. Сот шешімімен балалар колониясында қалдырылған.

Таңертең балалар төсек орнын өздері жинайды

Қолы бос уақытында балалардың PlayStation ойнауына болады. Соңғы үлгідегі құрылғылар мен ойындар бар

Балалар бос уақытында домбыра тартады. Домбыра үйірмесіне қатысатындары күй үйреніп жатқанын айтады.

Аулада қоян асырайтын балалар да бар. Мекеме қызметкерлері 2-3 қоянның бүгінде көбейгенін айтады

"Осы мекемеге түскен балалардың өмірге деген көзқарасы өзгереді. Олар осында келгесін бірден есейіп, ересектерше ойланады. Біз оларға дұрыс тәлім-тәрбие беруге тырысамыз. Психолог мамандар келіп арнайы лекция оқиды. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің психологтарымен тығыз байланыстамыз. Арнайы үйірмелер, футбол жарыстарын ұйымдастырамыз. Оларды байқауларға қатыстырамыз. Біз бұларға қылмыскер емес, бала деп қараймыз", - дейді Алма Бәзілбаева.

Ескінің белгісіндей болып қалған қарауыл мұнарасында қазір ешкім тұрмайды

Р.S. ҚР ІІМ қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің шешімі бойынша 2011 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Солтүстік Қазақстан облысы және Ақтөбе балалар колониясы жабылып, олардың сотталушылары осы мекемеге ауыстырылды. Сол кезде мұнда 200-ге жуық кәмелетке толмаған балалар болған. 1990 жылдарға дейін бұл мекемеде бас бостандығынан айрылған мыңға жуық бала жазасын өтеген. Қазір ЛА-155/6 мекемесінде 53 бала жазасын өтейді. Қылмыспен сотталып, бұл мекемеге түсетін балалар санының азайғаны көңіл қуантады. Тағдыр тәлкегіне ұшырамай, ойнаймын деп от баспай, балалардың балалық шағын бақытты өткізгеніне не жетсін?!

Суреттерді түсірген Ернар Алмабек

Т. Раушанұлы