Түн ұйқыңызды күзеткен сарбаздар

Түн ұйқыңызды күзеткен сарбаздар
Фото: egemen.kz

Сарбаз – тәуелсіз елдің шекарасы мен ішкі тыныштығын қорғаушы. Олардың жұмыс барысы қарапайым халыққа көрінбеуі мүмкін. Себебі олардың жұмысы сіз көрген кезде немесе сіз арнайы бақылаған кезде емес, сіз ұйқыда жатқанда, сіз ұйқыңыздан енді тұрып жатқан кезде басталады. 

Жалпы қылмыс атаулының бәрі түн ортасы мен таң ата бастаған сәтте орын алады. Себебі ешкім көрмес үшін, ел ұйқыда жатқанда бұзақылар жаман әрекеттерге барады. Осы кезде сіздің мүлкіңіздің тоналмауына, тыныштығыңыз бұзылмауына кепілдік беретін – қазақтың сарбаздары. Олар үшін бір сәттік көз ілу ұйқы мен демалыс бола алады. Қалған ғұмырын Отанға ант бергені үшін, елі мен жері дегенде жан беруге дайын екенін көрсету үшін жалғастырады. 

Есенқұл Жақыпбек «Біздің елдің жігіттері – жігіттердің төресі» деп бекер айтпаса керек. Ар мен намысты, жігер мен қайратты ту етіп ұстаған қазақ елінің сарбаздары шекарада қырағы, жау тисе жан беретін, ел ішінің шырқын бұзбайтын қайсар мінезді азаматтар. Әрине, олардың арасында нәзік жанды қыздарымыз да бар. Олардың да үлесі жігіттерден кем емес.


Азаматтық борыш пен елді сүюге деген патриоттық сезімді бойларына сіңірген сарбаздардың шекарадағы қызметтері өте ауыр. Себебі олар сырттан келетін кез келген қауіпке дайын болуы керек. Ең жаманы оққа ұшулары да мүмкін.  Ішкі жасақтардың да қызметі жеңіл емес. Әр көшенің бойын, әр үй, әр отбасының амандығын күзету, ұйқысыз түндерде жүріп қолдарына қару алып, жамандықпен күресу сіз ұйқыда жатып түсіңізде көретін сюжет секілді шығар. Ал сарбаздар үшін бұл нағыз ерлік. 

Қазақ елінің сарбаздары тегінен текті, бабалар аманатын арқалаған, көшпелі даланың салты мен заңын сақтаған, Ата Заңына бағынып әрекет қылатын өрендер. Ел іргесі бұзылмасын, тыныш өмір сүреміз десек, олардың тілеуін тілеу, оларға демеу болу, осы елдің азаматы ретінде біздің де борышымыз. 

М. Ақан