- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Жігітке күш берген...
Жігітке күш берген жалған чек
Қарызға белшесінен батқан бір кәсіпкер былықтан шығатын жол таппай жүр. Мына қиындықтан қалай құтыларын білмей, саябақта ой құшағында отыр. Тығырықтан шығып, банкроттан арылу үшін не істеу керегін ойлап басы қатты. Осы кезде қасына бір қария отыра кетіп, былай деді:
- Сізді бір мәселе толғандыратынын сезіп тұрмын. Бөліскіңіз келмей ме?
Жас кәсіпкер оған бар қиналысын айтты. Өз кәсібінің жүрмей қалғанын және ісінің алға басып, қарыздарынан құтылу үшін көп қаржы керек екенін жасырған жоқ. Кәсіпкердің қайғысын мұқият тыңдап отырған қария:
- Менің сізге көмегім тиетін секілді, - деді.
Сөйтті де кәсіпкерден толық аты-жөнін сұрап, оған бір жапырақ қағаз ұсынды. Жігіт қағаздың қомақты ақша алуға арналған чек екенін білген кезде қарияның бұл ісіне қайран қалды. Қария жігітке:
- Дәл бір жылдан соң, біз осы жерде кездесеміз. Сол кезде маған осы соманы қайтарасың, - деді де, көптің арасына сіңіп жоқ боп кетті.
Кәсіпкер чектен «$500 000» және «Джон Роквеллер» деген жазуды оқыды. «Джон Роквеллер – әлемдегі ең бай адамдардың бірі емес пе?» деп қуанды ол.
«Мен барлық қиындықтан көзді ашып-жұмғанша құтылып тастаймын» деп әл жинай бастады кәсіпкер. Әйткенмен ол чекті сейфке салып сақтап қойғанды жөн санады. Осы қомақты қаражат оған кәсібінің көзін қайта табуға күш бергендей болды.
Осы қарқынмен ол келісімшарттарын қолжетімді етіп, төлемдердің аясын кеңейтті. Сол арқылы біраз тауарын сатып тастады. Бірнеше айдың ішінде бүкіл қарызынан құтылып, қайта бас көтерді. Дәл бір жыл өткен соң, келісілген орынға келіп жайғасты. Қария да кешікпей жетті. Ол жігіттің қасына жақындай бергенде, бір медбике келіп қарияны әкетпек болды. Кетіп бара жатып жігітке медбике былай деді:
- Әйтеуір ұстап алдым-ау! Ол үнемі осылай үйден қашып кетеді де, жұртқа өзін Джон Роквеллер деп таныстырады. Сізді де мазалаған шығар, кешіріңізші!
Жігіт сонда ғана әлгі чектің түкке тұрғысыз жай ғана қағаз екендігін, мына қарияның ешқандай да Джон Роквеллер емес, жай ғана есінен адасқан шал екенін ұқты. Ұқты да, таңырқаған күйі орнынан тапжылмай қалды. Ол қарияның берген чегіне сеніп, талай сатылым жасап, талай істі алға сүйреді. Бір күні осы ақшаның керегі болып қалар деп, чекке тимеді. Есесіне жігіт жалған болса да, осы сеніммен тау қопаруға да дайын болды. Қарияның бір жапырақ чегі оған сенімділік пен күш сыйлады.
Сіздер де өз-өздеріңізді қолға алып, сенімділік пен тәуекелді өмірлеріңізге ту еткейсіздер!
А. Әбілхан