Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер #2

Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер #2
Фото: amur.kz, Дмитрий Скегин

Бүгігі той-думанның сиқы және қазақтың көнеден мұра болып келе жатқан салт-санасы мен дәстүрінің жаңаруы жайлы және сырттан енген той жоралғылары туралы бүгінгі таңда туындап жүрген даулы мәселелер тізбегін жалғастырмақпыз. «Тойдың болғанынан, «боладысы» қызық» дейтін қазақ бүгінгі той жиынын қалай өзгертті? Той дегенде бізді қандай мәселелер толғандырады?

Басы...

Киілмейтін киімдердің дауы. Өз бойына іліп те алмайтын арзанқол шапандар мен камзолдар және киім тігіп кию тұрмақ, жай көпшік жасауға да жарамайтын маталар үшін бірін-бірі көрместей дауласатын әйел адамдар тек қазақ халқында ғана бар шығар. «Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» дейтіндей бар ғой. Екі отбасының арасына сызат түсіретін – бір ғана мата бүгінгі таңда құдалықтың «Құдай ұрған» жыры болып тұр. Сол үшін де көбі құдалар арасында осындай жоралғылардың болуына мүлде қарсы. Әсіресе, ер адамдар! Олар әйелдердің түкке тұрғысыз шүберек үшін дауласуынан әбден мезі болды. Құдалардың арасында дорба емес, шын сыйластық жүрсе екен деп бәрі ойлайды. Бірақ мұндай жөн-жоралғылардың халық санасы мен тұрмысына әбден сіңіп кеткені соншалық, мұнсыз құдалықтың сәні мен әрі кірмейтіндей болады.

Шегі жоқ тілектер тізбегі. Әрине, «жақсы сөз – жарым ырыс». Қуанышқа жиылған адамнан жылы тілек естудің жөні бір бөлек. Бірақ көбі бас-басына микрофон ұстап ап сөйлей беретіндерді аса жақтыра бермейді. Олар үшін той деген жиналыс емес, көңіл көтеріп, қуанышқа ортақтасу. Осыған сай бүгінгі таңда көптеген той иесі той кезінде берілетін сөздерді қысқартып жатқанын көріп жүрміз. Әйткенмен сөз кезегін беру қанша қысқарған сайын, сонша дау шығады. Сонша адам өкпелеп қайтады, сонша адам ашулы қайтады. Ал сөз берсең, «не деймізден» ары аса алмай, абдырап қалады. Тойда сөз беру тақырыбы да бүгінгі той мәселесінің маңызды бөлігіне айналып отыр. Қазақтың тойының жетпіс-сексен пайызы сондай құр сөзбен ғана өтетін көрінеді. Әдемі тілектер мен ақ батаны «құр сөз» деуге де қимайды екенсің...

Той және несие дауы. Бүгінде «несие» сөзі еңбектеген баладан, еңкейген қартқа дейін таныс бола бастады. Өйткені өміріміз бен тұрмысымыз осы бір сөзбен тығыз қарым-қатынас орната бастады. Үйлену той өткізу үшін әке мен шешенің банк жағалап, несиеге жүгінуі – тойдың ғана емес, заманның да даулы мәселесіне айналып отыр. Сондағы есіл ақша құр шашылумен кетеді деп күйінеді жұрт. Құр босқа тыраштанып, қарызға пайызбен ақша алып қиналатын ата-ананың бұл әбігері оның перзенті алдындағы кезекті міндеті ме? Несиге той жасап берген ата-ананың қадірін түсініп жатқан перзент көп пе? Той түгілі, көбі олардың алдындағы өмірлік парызын ойламайды да ғой?! Бұл дауға нүкте қойылмайтын да шығар...

Жалғасы бар...

Ұқсас жазбалар:

Қазақтың үйлену тойына байланысты туған даулы мәселелер

Өмірдің тойы, көңілдің тойы - үйлену...

А. Әбілхан