- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Күйеу жігіттің той...
Күйеу жігіттің той күнгі міндеті
Той үстіндегі тәтті күндерді дұрыс сезініп, жас жұбай болып шат күлу үшін күйеу жігіт мына міндеттерді ескеруі керек. Өйткені үйлену тойы адам өміріндегі маңызды сәт болып саналады. Сонымен, жігіттер той алдында не істеуге және не істемеуге міндетті?
Қалта телефонын сөндіріп тастаңыз. Той алдындағы көңілді серуен кезінде жақсылап көңіл көтеріп, өміріңізде бір-ақ рет болатын бақытты сәтіңізден дұрыстап ләззат алу үшін қалта телефоныңызды өшіріп тастаңыз. Бұл күні сізбен хабарласуы керек адамдардың бәрі қасыңыздағы сенімді досыңыз немесе аға-ініңіз арқылы байланысқа шыққаны дұрыс. Өйткені серуен кезінде сізге достардың тілектері айтылып жатады. Сіз олардың бәрін тыңдап, көңіл қоюыңыз керек. Олар шын жүрекпен бақыт тілеп тұрған сәтте сіздің телефон арқылы арғы жақпен сөйлесіп жатуыңыз этикетке жат қылық. Бұл күні сіздің телефоныңыздағы камераны да пайдаланбауыңызға болады. Өйткені арнайы кәсібі фотографтар сіздермен жұмыс жасайтын болады. Оған қоса қасыңыздағы дос-жараныңыз да тек сіздерді суретке түсіріп жүреді. Өйткен бүгіннің кейіпкері – тек екеуіңіз.
Жұмыстың бәрін кейінге қалдырыңыз. Бұл күні алаңсыз демалып, көңіл көтеру үшін майда-шүйде тірліктер мен ірі-ірі жұмыстың бәрін тойға дейін бітіріп тастаңыз немесе кейінге қалдырыңыз. Бұл күні жұмысқа мүлде бармау үшін алдын ала сұранып алыңыз. Сонымен қатар той күні бастығыңыздан сөз естіп көңіл-күйді түсірмес үшін ол тапсырған тапсырмаларды алдын ала тиянақтап тындырып тастағаныңыз өзіңізге жақсы.
Маңызды істерді сенімді адамдарға тапсырыңыз. Қонақтарды күтіп алу, достарды дастархан басына жайғастыру, ішім-жемді ұйымдастыру, фотографтарды шақыру секілді маңызды істерді алдын ала достарыңызбен ойласып, әрбіріне бір-бір міндеттен бөліп беріңіз. Бұл күні сіз тек күліп, бақытты болып жүруге ғана міндеттісіз. Бар жұмысыңыз сол болсын.
Қалыңдығыңызды сәнденуге ертерек жіберіңіз. Көбісі той алдындағы серуенге ертерек шыққысы келгенімен, қалыңдықтың жасанып, боянып, әрленуін күтіп қалады. Қалыңдықтың тойға дайындығы бір сағатта ғана бітетін іс емес. Ол үшін біраз уақыт кетеді. Сондықтан қалыңдығыңызды сән салонына ертерек жіберіңіз. Жағдайыңыз келіп жатса, оны үйге шақыртқаныңыз да жөн.
Ұқсас жазбалар:
Үйленгелі жүрген жігіттің шаблон сөздері
Неке – ең тәтті сезімдердің тоғысы
А. Әбілхан