- Негізгі бет
- Жүз жағдай
- Тарихтағы ең ірі...
Тарихтағы ең ірі кеме апаттары
Кеме апаты дегенде ойымызға бірден «Титаник» оқиғасы оралатыны рас. Бірақ, әлемде бұдан да аса қайғылы кеме апаттары болған. Олардың кейбірі табиғаттың тосын мінезінен, кейбірі экипаждың салғырттығынан, енді бірі соқтығысулардан болса, тағы біреулері соғыс кезінде апатқа ұшыраған. Бүгін тарихқа қызыл бояумен із қалдырған ірі кеме апаттарымен таныс болыңыздар:
1.«Донья Пас»
1987 жылы 20 желтоқсанда Филиппинде үлкен қайғылы жағдай болды. «Донья Пас» паромы Таклобан елді мекенінен Манила қаласына қарай жүзеді. Түнгі 22:30 шамасында Таблас бұғазының жанынан өте бере мұнай және мұнай өнімдерін тасып келе жатқан «Вектор» танкерімен соқтығысады. Ол танкердің ішінде 8800 баррель, яғни 1050 текше метр мұнай болған. Сол мұнай төгіліп, өртене бастайды. Куәгерлердің бірі Пакито Осабельдің айтуынша, теңіз бетін өрт басып, танкердің жалыны паромды да бүркеп алған. Кейбіреулер өрт түтініне уланып, кейбіреулер суға секіреді. Секіргендерінің дені батып кетті. Ал, енді біреулері теңіз бетінде жанған алауға түсіп, түгі қалмай өртеніп кеткен. «Донья Пас» соқтығыстан соң екі сағаттан кейін, ал «Вектор» төрт сағаттан кейін су түбіне кетті. Бұл өңірде акулалар өмір сүретіндіктен, жалпы саны 4 375 адам қаза болған.
2. Галифакс жарылысы
1917 жылы 5 желтоқсанда Галифакс айлағында «Монблан» атты француз әскери жарылғыш заттар таситын теңіз көлігі мен норвегиялық «Имо» кемесі тұрған. Алтыншы желтоқсан күні таңда екі кеме де ойламаған жерден жолға қатар шығып қалады. "Имо" кемесінің ұшы "Монблан" теңіз көлігінің оң жақ бүйіріне кеп тиеді. Кеме капитаны кері шегініс жасай бергенде металдардың үйкелісінен от ұшқыны пайда болған. Ұшқын жарылғыш заттарға тиіп, арты үлкен апатқа айналады. Жарылыс портты ғана емес, қаланың да біраз бөлігін жайпап жіберген. Өрттен қайтыс болғандар мен ғимарат астында қалғандардың саны – 2000-ға жуық. 9000-ы ауыр жарақат алған.
3. «Йоола» паромы
2002 жыл, 26 қыркүйек. Сенегалдың мемлекеттік «Йоола» паромы Зигиншор қаласынан Казаманс ауданына жолаушылар тасымалдаған. Кеме сапарға шыққаннан кейін бес минуттан соң Гамбий аралында соққан қатты желдің әсерінен аударылып қалған. Кеме 580 жолаушыға арнап жасалса да, онда 2000-ға жуық адам болды. Апатта 1863 адам көз жұмған.
4. «Султанша» кемесі
«Султанша» кемесі АҚШ-тың оңтүстігінен Цинциннати штатына қарай жүзеді. Оның ішінде тұтқыннан босап шыққан 2394 әскер бар еді. Кеме Миссисипи өзенімен жүзіп келе жатып өртенеді. Оған себеп оң жақ қазанының істен шығуы болды. Сол уақытта қатты жел тұрған. Соның әсерінен кеме түгелімен жанып, 1653 адам қайтыс болады.
5. «Титаник» кемесі
«Титаник» британдық «Уайт Стар Лайн» компаниясының кемесі. Ол әлемдегі ең ірі жолаушылар тасымалдайтын кеме. 1912 жылы 14 сәуір күні өзінің алғашқы сапарын жасайды. Сол күні Атлант мұхитындағы мұзтауға соқтығысып, 2 сағат 40 минутта батып кетеді. Бортта 1316 жолаушы мен 892 экипаж мүшелерін қосқанда барлығы 2208 адам болған. Кеме 1496 адамның өмірін ала кетті. Аман қалған 712 адамды көмекке келген «Карпатия» кемесі құтқарған. «Титаник» апаты - адамзат тарихындағы ең ірі оқиғалардың бірі. Оған осы оқиға жайлы түсірілген бірнеше көркемфильмдер дәлел бола алады.
Сурет: upload.wikimedia.org, online812.ru,
Е. Жұмабайұлы