- Негізгі бет
- Егер...
- Сөзден іске көшкіңіз...
Сөзден іске көшкіңіз келсе...
Біз көп ойланамыз. Іске көшуге дайын болмаймыз. Оған бірнеше себеп бар: қорқамыз, нәтиже бермейді деп ойлаймыз, ойда жүрсе бір күні жасаймыз деп түйеміз. Ал, шындығында жұлдызды сәтті күтудің қажеті жоқ.
Күлкілі болар, бірақ ашуланыңыз!
Ойыңыз іске аспай қалса, сіз өзіңізді торға түскен шыбын секілді сезінесіз. Себебі қозғалыс болмайды. Осындай сәтте ашуланыңыз. Спорт саласында жүрген мамандардың айтуынша, адам жеңіліп бара жатқан кезде ашуға берілсе, оның бойында соңғы бір күш жетелеп, жеңіске апарады дейді. Сондықтан бойыңыздағы күшті жинап, ашуланып алыңыз да, өзіңізге сенім артып, алға басыңыз.
Уақытқа қараңыз
Егер сіз осы жұмысты былтыр бастаған болсаңыз, қазір нәтижесін көрер едіңіз. Алаңдамаңыз, бүгін бастаңыз, бір айдан кейін жауабын аласыз. Уақытқа қараңыз, ол тоқтамайды. Сізбен жарысып келеді.
Аз ойланып, көп жұмыс істеу керек
Жоғарыда атап өткеніміздей, аса көп ойланып, уақыт жоғалтудың қажеті жоқ. Екі-ақ рет ойлану керек: қандай іс жасаймын, ол іс жақсы ма, жаман ба. Әрі қарай сізге қозғалу керек. Қалғаны тәуекел мен еңбектің мәселесі.
Сізді жұбататын сөздерден аулақ болыңыз
«Менің қолымнан келмейді», «неден бастарымды білмеймін», «кейін істермін». Осы сөздерден арылыңыз. Бұл дертіңізге айналмаса, сізге көмектеспейді.
Сәті келсе, қоншынан басыңыз
Әр нәрсенің өз уақыты бар. Бірақ кей сәттер тап сол кезде ұстап қалуды қалайды. Сондықтан дәл сол сәт туған кезде қолыңыздан жіберіп алмаңыз. Күтпеңіз, кірісіңіз. Бәлкім бақ шабады, бәлкім бап шабады. Бастысы, сіз тоқтап қалуды ойламаңыз.
М. Ақан