- Негізгі бет
- Егер...
- Егер аязды күні...
Егер аязды күні далада қалып қалсаңыз?
Қыстың екінші айы бітуге санаулы-ақ күндер қалса да, суықтың беті әлі бері қарамады. Сыртқа шықсаңыз, сақылдаған сары аязға кезігеріңіз анық. Екі бетің алмадай болып, мұрныңыздың ұшын қызартып, өне бойыңызды мұздатып әкетеді. Содан соң аяздың әуресінен қашып, бір жерден екінші жерге жетуге асығамыз да тұрамыз. Ал егер, осындай суық күні далада қалып кетсеңіз, не істейсіз?
1. Сапарға шықсаңыз...
Немесе күні бойы сыртта жүруге тура келсе, не істейсіз? «Қарлы далада отырғанда ғана тоңады екенмін» деп ойламаңыз. –10ºС-тан төмен температуда да бірер минут досыңызбен шүйіркелессеңіз, сақылдаған сары аяз сізді мұздатпай жібермейді. Егер ауа дымқыл тартып, қатты жел тұрып, термометр бағаны 0ºС-ты көрсетсе де, арқаңызды кеңге салмаңыз. Сондықтан, қыстыгүні далада жүрсеңіз, жылы киініңіз. Жылы киінудің де өз ережесі бар: денеңізге құр қалың жемпір кигеннен тиер пайда аз. Киімдерді қабаттап кию керек, ішінен: жеңі шолақ жейде, жұқа кофта мен жейделер кигеніңіз дұрыс. Қолғаптан гөрі саусақсыз биялай киген жақсы: саусақтарыңызды жылы жерде ұстау керек. Табаны қалың аяқ киіміңіз аяғыңызға дымқыл өткізбеуі тиіс, және қысып не қажап тастамасын. Әйтпесе, аяғыңыздағы қан айналым жүйесіне зақым келтіреді. Тағы бөкебайды да ұмытпағаныңыз жөн, күртеңіз мойныңызды жауып тұрған күннің өзінде де бөкебайды байлап алыңыз.
Далаға шығар алдында тойып азықтаныңыз, әсіресе, майлы тамақты дәруменге бай жарма өнімдерін пайдаланыңыз. Тамақтанған соң, сіздің ағзаңыз өздігінен қоректеніп отырады, ал жарма өнімдері асқазаныңызда жарты күн қорытылады. Термос ыдысқа ыстық шай құйып шығыңыз. Бұны ішкеннен кейін, тоңған кезде, денеңіздегі суықты тысқа шығармай, қан айналымыңызды суықтан қорғап тұрады. Және де балаларға арналған иісмайды жағып алыңыз, одан пайда болған қабық бетіңізді суықтан қорғайтын болады.
2. Көлігіңіз жол үстінде бұзылса...
Алысқа қатынайтын жүргізушілердің көліктері айдалада бұзылып қалып жатады. Өткен-кеткенге елеңдеп, сұп-суық күнде көмек көрсеткенге телміріп отырады.
Егер сондай жүргізушілердің күйіне тап болсаңыз, ең алдымен, жаяу көмек іздейтініңізді не көлік ішінде қалатыныңызды шешіп алыңыз. Жақын маңда адамдардың бар-жоғы белгісіз болса, көмек күтуге тура келеді. Айдаладан аязбен алысып көмек іздеймін деп, белгісіз бағытқа түсіп кеткенше, көлігіңізде тып-тыныш отыра беріңіз. Көлігіңіз сөнгенде ғана сыртқа шығуға болады. Өйткені, металдан жасалған көліктің кабинасы сізді мұздатуы мүмкін. Сол себепті, сыртқа шығып, от жағуға кірісіңіз.
Ондай уақытта отын табу да қиын, сондықтан көлік дөңгелегінің резеңке тысын өртеңіз, ол сізді шамамен жарты сағат жылыта алады. Көлікке қарама-қарсы қардан төмпешік жасаңыз, ол азынақ желден қорғайды. Көлік дөңгелегінің резеңке тысы өртеліп біткен кезде, көлік орындықтарының қаптамасын жағыңыз. Бірақ, аса сақ болыңыз, оны өртеген сәтте, жағымсыз улы газ пайда болуы мүмкін. Бір орында отырып қалмаңыз, бір жерден екінші жерге орын ауыстырып, үстіңізді уқалап отырыңыз. Дегенмен, тым артық кетпеңіз, сіздің ағзаңыздағы энергияңыз азаймауы тиіс.
Шылым шекпеңіз: шылым шегу – жүйке жүйесінің тамырларын қысып тастайды, қан айналмай, соңында, жаурап, бойыңызды суық алып кетеді. Көліктен орамал секілді орауға тиімді бір зат тауып алып, басыңызды, бетіңізді, табаныңызды орап алыңыз. Бетіңізді бөкебаймен ораңыз не болмаса қолыңызбен бүркеп демалыңыз. Дәрі қобдишаңыздан аспирин не тұмауға қарсы жақпа май табылса, жақсы болар еді. Олар бойыңыздағы суықты алып, қан айналымыңыз реттейді.
3. Егер екінші бір адам мұздаса...
Мысалы, айдалада үсіп қалған адамды көрсеңіз, дереу көмектесуге ұмтылыңыз. Денесі сұп-суық, сұп-сұр болып алдыңызда жатыр делік. Оны өз қызуыңызбен жаймен жылытыңыз. Егер, жапа шегушіні «ыстық ваннаға не моншаға апарам» десеңіз, қателесесіз, жағдай ушығып кетеді, науқастың суықтан жаураған қан тамырларына зақым келуі мүмкін. Сонымен қатар, оның денесін ысқылап уқалау да, ыстық шай беру де қауіпті. Оны көрпемен қымтап орап, жылы орынға жатқызыңыз да, ыстық емес, қанжылым етіп сүт не шай ішкізіңіз. Дене температурасын тұрақтандырып, суықты шығаратын дәрі беріп, жақын маңдағы дәрігерге көрсетіңіз.
Жалғасы бар...
Сурет: autonews.autoua.net, static.headline.kz, gippokratlechit.com
Е. Жұмабайұлы