Мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері

Мұз үстіндегі қауіпсіздік ережелері

Қыс қаһарына мініп, судың беті тоңдана бастады. «Жаман айтпай, жақсы жоқ» деген даналықты ұстана отырып, осы тоңның қыңыр тосын мінез танытуынан қорғану амалдарын сіздерге ұсынғалы отырмыз.  Есіңізде жүрсін және туыстарыңызға, достарыңызға айтып бөлісіңіз!

Мұздың қаттылығын көзбен-ақ  көріп байқауға болады: егер мұздың түсі көгілдір болса – берік, ақ болса – беріктігі 2 есе аз дегенді білдіреді. Ал егер мұздың түсі ақшыл сұр, күңгірттеу болса, бұл мұздың үстімен жүру тұрмақ, маңайына жоламағаныңыз абзалырақ. 

* Мұз үстіне қас қарайған шақта және ауа-райы қолайсыз кезде (тұман, қар, жаңбыр) мүлдем шықпаңыз. 

* Өзеннің арғы бетіне шықпақ ойыңыз болса, өткелмен өтіңіз. Бұл әлдеқайда қауіпсіз.

* Мұзды аяқпен теуіп, тексеруге болмайтынын ұмытпаңыз. Егер, бірінші тепкіден аз мөлшердегі су көрінсе немесе мұз бетінде аз-кем жарықшалар пайда болса, мұз жұқа және оның үстімен жүруге болмайды дегенді білдіреді. Бұл жағдайда міндетті түрде судың жағасына келген ізіңізбен кері қайтыңыз. Аяғыңызды иық тұсымен мұздан алмай, жеңіл адымдап жүріңіз, себебі, күш бір нүктеге түспеуі керек. 

* Мұздан өтерде, осыған дейінгі салынған әдеттегі ізбен жүріңіз, егер бұндай із болмаса, айналаңызға мұқият қарап, жететін орныңызды жете біліп алыңыз.

Топ болып, мұздан өтетін болсаңыздар, мұзға аса қатты салмақ түсірмеу үшін 5-6 метрдей болатын бір-біріңіздің арақашықтықтарыңызды сақтап жүріңіздер.

Қатқан өзенді (көлді) шаңғымен өткен дұрыс. Есіңізде болсын: ақырын қозғалыңыз, шаңғының ілмегін білегіңізге ілмеңіз, себебі, қауіп туғанда қолыңыздан шеше алмай қалып жүресіз. 

Егер, сөмке асынсаңыз, тек бір жақ иығыңызға ғана асып жүріңіз. Бұл қауіп кезінде тастай салуға ыңғайлы болмақ. 

Бұл кезде өзіңізбен бірге 20-25 метрлік қатты арқан ала шығыңыз. Арқанның бір ұшына ауыр салмақтағы бір затты түйіншектеп байлап қойыңыз. Жаныңыздағы серігіңіз мұзға түсіп кеткен жағдайда, арқанның ауыр зат байлаған жағын серігіңізге қарай лақтырыңыз. Жапа шегуші арқаннан ұстап, ауыр затты қолтығына қысып тұрсын, сіз өзіңізге қарай ақырын тартыңыз.

* Қыстыгүні 10 см қалыңдықтағы тұщы және 15 см қалыңдықтағы тұзды мұздың үстімен жүруге болады. Егер бұл көрсеткіштен жұқа болса, әсте жоламыңыз. 

* Ата-аналарға үлкен ескерту: балаларыңызды мұзға (балық аулауға, шана не шаңғы тебуге) қараусыз жібермеңіз. 

* Мұзға түсіп кетуге себеп болатын көп жағдай – алкогольді ішімдікті тұтынудан болады. Ондай жағдайда адам қауіптен қаша алмай қалып, қайғылы оқиға орын алуы мүмкін.

 Қорғану амалдары мен алғашқы көмек үлгілерін келесі жазбамыздан оқи аласыздар.

Сурет: wallpaperban.com, oveopium.ru

Е. Жұмабайұлы