- Негізгі бет
- Бесқару
- Ғасыр жүгін арқалаған...
Ғасыр жүгін арқалаған тапанша
«Remington Arms» − 1816 жылы іргесі қаланған америкалық ірі компаниялардың (холдинг) бірі. Және жай ғана бірі емес, бірегейі. Оның жылдық таза табысы 500 000 000 АҚШ долларын құрайды. Бұл алпауыт компания соңғы кездері бұрын шығарған өнімдеріне қайтадан өң беріп, жаңартып, қуатын арттырып шығарып жатыр. Бүгін сіздерді осы жаңартудың жемісі болған және бір ғасыр бұрын атақты қару жасаушы Джон Педерсеннің өз қолымен құрастырылған R51 тапаншасымен таныстырамыз.
«Remington Arms» компаниясы талай тарих пен соғыстың ізі бар бұл тапаншаны (R51) көпшілікке, осыдан бір жыл бұрын "SHOT Show 2014" қарулар көрмесінде таныстырған. Жоғарыда айтқанымыздай, бұл қарудың алғашқы қаңқасы өткен жүз жылдықтың 30 жылдарына тиесілі. Ал қарудың атылу жүйесі одан да ерте бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде жасалынған.
R51 тапаншасының ең бір сәтті жасалынған бөлігі − қарудың бекітпесі. Компания тапанша бекітпесінің бұл түрін «Hesitation-Locked» Action (қазақша мағынасы: ауытқымайтын қозғалыс) деп атады. Мұндай жүйе ұңғыдан шыққан оқтың кері тебілісінің аз болуын қамтамасыз етеді. Кері тебіліс күшінің аз болуы ұңғыға айтарлықтай қысым түсірмейді. Яғни, бұл жүйемен жасақталған қарудың дәлдігі жоғары болады.
Осыны ескерген компания ұзақ жылдар бойы ұмыт қалған Педерсен жүйесін («Hesitation-Locked») жан-жақты дамытып, қайта жаңғыртуды қолға алады. Және бұл жолы көп күшті қарудың сыртқы келбетіне жасауға жұмсаған. Үлкен еңбектің нәтижесінде, қару көрген көзге оттай басылатын ерекше дизайнға ие болды. Ал ұңғысы арнайы құйылған болаттан жасалған. Тапаншаның жалпы ұзындығы − 17 см-ді, ал ұңғысының ұзындығы 8,6 см-ді құрайды. Сондай-ақ, қару биіктігі − 12 см, ені − 2,2 см. Ал қарудың таза салмағы − 600 грамм.
Бұл қару көбінесе қорғану мақсатында қолданылады. Бірақ, R51 тапаншасының әскери және заң сақтау орындарында қолданылатын арнайы нұсқасы да бар. Бұл нұсқалар алғашқысына қарағанда әлдеқайда мықты. Ол үшін тапаншаны қосымша металмен қаптап және атылыс дауысын бәсеңдеткіш т.б. құрылғыларының күшін арттырған. Crimson Trace лазерлі көздеуіші орнатылған нұсқасы да бар. Ол қараңғы жерлерде құралайды көзінен атуға үлкен мүмкіндік береді.
Соңғы кездері бүкіл жер шарында өзін-өзі қарусыз да, қарумен де қорғануға көп көңіл бөлініп жатыр. Осы жерде қарумен қорғануда R51 тапаншасының шоқтығы биік. «Remington Arms» компаниясы қару бағасын 420-609 АҚШ доллары аралығында бағалаған. Яғни, тапаншаның стандартты бағасы 420 $, ал лазерлі көздеуішімен бірге − 609 $.
Әрине, біздің қоғамға (қорғануға) бұл қарудың соншалықты керегі бола қоймас. Дегенмен, оны құрастырушылар мен құрастырған компаниялардан үйренетін нәрсеміз өте көп.
Е. Жұмабайұлы