- Негізгі бет
- Бесқару
- Атылған оқ нысананы...
Атылған оқ нысананы өзі іздейді (Видео)
DARPA қорғаныс саласына негізделген зерттеу жобаларының агенттігі нысанды атып түсіруде ұтымды нәтижені көрсететін оқты тәжірибеден өткізді. Енді оқтың дәл нысанаға тиюі мергеннің тәжірибесіне байланысты болмайды. Қарудың жаңа оқтарын мылтықты қолына алып көрмеген адамдарда да аса жоғары дәлдікпен ата алады.
Қозғалыстағы нысананы өзі іздейтін оқтың бағдарламасы "Extreme Accuracy Tasked Ordnance" (EXACTO) атауына ие болып, бірнеше жылдар бойы дамытылып келген. Айта кетсек, оқ белгіленген нысанаға өз траекториясын өзгертіп, ұша алады.
DARPA аталған жобаның оптикалық көзілдірік пен тетіктердің және қуаттау элементтері бар басқару жүйесінің негізінде жасалғанын хабарлайды. Ресми сайтта сәтті тәжірибенің компьютердегі құрылымы таныстырылды.
Естеріңізге сала кетсек, АҚШ Қорғаныс министрлігінің бастамасымен жұмыс істейтін агенттік бағытын өзгерте алатын оқтарды сынауға бағытталған алғашқы тәжірибесін өткен жылдың шілде айында өткізген болатын. Ал қазіргі нәтиже жобаның дамытылғанын растап отыр. Нақтылап өтсек, видеода көрсетілген қызыл сызық оқтың бастапқы бағыты, ал жасыл түсті сызық оқтың ұшқан кезінен өзгерген траекториясы болып табылады.
Соғыстағы «адасқан оқтан жарақат алды» деген тіркес енді икемге келген сыңайлы. «Адасқан оқ» деп межеленген қашықтықтан асқаннан кейін өз бағытынан ауып кеткен оқты айтады. DARPA-ның жобасы да осындай мүмкіндікті жаратып отыр.
DARPA агенттігінің басшысы Джером Данн (Jerome Dunn) EXACTO жобасының соңғы сынағы бұрын-соңды болмаған нәтижеге қол жеткізгенін айтады. Осыған дейін кіші калибрлі оқтар треакториясын өзгерте алған болса, енді 0,50 калибрлі мылтық жасағы да бөгетті айналып, нысанаға жетеді.
Нысананы өзі іздейтін оқтың қымбат болары анық. Дегенмен маңыздысы EXACTO мергеннің жылдам әрі дәл жұмыс істеуіне мүмкіндік береді.
Ж. Өрісбай