Аты аңызға айналған Драгунов мергендік винтовкасы

Аты аңызға айналған Драгунов мергендік винтовкасы

Бұл қару түрін жазуға біздің оқырманымыздың "Әлемдегі ең мықты һәм танымал 10 қару"  атты мақалаға жазған пікірі негіз болды. 

1958 жылы Кеңес әскерінің артиллериялық бас басқармасы (ГРАУ) өзі оқталатын мергендік винтовка жасаудан байқау жариялайды. Кеңес әскерлерінің қару күшін арттыруды мақсат тұтқан бұл байқауда Евгений Драгунов бастаған құрастырушылардың ұжымы жеңіске жетеді. Ал 1963 жылы мергендік винтовкасын жасау жұмыстары толығымен аяқталып, кеңес әскерін қаруландыруда басты рөл атқарады. 


Драгунов мергендік винтовкасы (ДМВ) туралы айтпастан бұрын, құрастырушының өмірбаянынан қысқаша тоқталып өтсек. Е. Драгунов 1920 жылы Ижевск каласында қару-жарақ жасаушы отбасында дүниеге келген. Бұл ата кәсіп ұрпақтан-ұрпаққа беріліп, өз жалғасын тауып отырған. Оның атасы да сол Ижевск қаласында қару-жарақ шығаратын зауытта шебер болып жұмыс жасаған. Евгений мектепті бітіргеннен кейін Ижевск индстральді техникумды тәмамдайды. Сол жердегі қару-жарақ шығаратын зауытта қызметін бастайды. 1939 жылы әскер қатарына алынып, соғыс кезінде өзінің табандылығы мен шеберлігінің арқасында аға қару-жарақшы болады. 1945 жылы сұрапыл соғыс аяқталып, әскерден келгеннен кейін, бұрынғы ісін қайтадан қолға алып, қару жасауға шындап кіріседі. 

Евгений Драгунов: «Бұл қаруды құрастыру барысында көптеген қиындықтарға тап болдық. Мысалы, мерген винтовкасының сенімді жұмыс жасауы үшін жылжымалы бөліктердің арасында үлкен саңылау болуы керек еді. Ал, винтовка шоғырлы әрі ықшамды болуы үшін, оны барынша қысыңқырап келтіру керек. Яғни, үлкен саңылау жасау мүмкін емес. Осы сияқты: «былай тартсаң арба сынып, былай тартсаң өгіз өлетін» кереғар пікірлер көптеп кездесті. Әрең дегенде 1962 жылы қаруды аяқтадық. Тек қана оқтың қорабын жасауға бір жылдан астам уақыт жұмсадық. Мылтықтың сағағының (мылтықтың, қол пулеметінің оқпанының бекітілетін жері) бір қарағанда жұмысы оңай көрінуі мүмкін. Жұмыс барысында оның қиын екеніне көз жеткіздік және ең соңында аяқтадық» - дейді. Құрастырушының жоғарыда айтқандарынан бұл мылтықтың жасалуы оңайға соқпағандығын, үлкен еңбек пен темірдей төзімділіктің арқасында дүниеге келгенін аңғару қиын емес.

«Ақырын жүріп, анық бас еңбегің кетпес далаға» демекші, жылдар бойы жалғасқан үлкен еңбек далаға кеткен жоқ. Нәтижесінде, жоғарыда айтқан: Кеңес әскерінің артиллериялық бас басқармасы (ГРАУ) жариялаған байқауда топ жарып, бәс бәйгені жеңіп алған. Бір қызығы, сынақтан өткізу барысында Драгуновтың басты бәсекелесі А. Константиновтың құрастырушы тобы болған екен. Екі қару бір уақытта ұсынылғандықтан, бұл екі мылтық сан қилы сынақтан өткізіледі. Нысанаға дөп тиетін дәлділігімен, атылған оқтың жан-жаққа бытырамай, шоғырлана ұшуынан, т.б. мерген винтовкасына қойылатын талаптардан сүрінбей өтіп, жеңіске жетті. Аталған байқауға тек Константинов екеуі ғана емес, сол кездегі қару құрастырушы барлық шеберлердің қатысқанын естеріңізге сала кетейік.


Драгунов мергендік винтовкасы - мергеннің басты қаруы саналады және ол күтпеген жерден шыға келген, жылжып келе жатқан, ашық және бүркемеленген жеке нысандарды жоюға арналған. Сонымен қатар, бұл винтовка өзі оқталатын ерекше қасиетке ие. Яғни, мерген мылтықты ату үшін, оқ қорабындағы оғы таусылғанша оны оқтап артық күш жұмсамайды.

Естерңізге сала кетейік, Евгений Драгнуов бұған дейін де бірнеше қару түрін жасаған болатын. Әсіресе, спорттық үлгідегі қаруларға көп көңіл бөлген. Алайда, оны төрткүл дүниеге танымал еткен басқа емес, осы аты аңызға айналған дәл осы Драгунов мергендік винтовкасы (ДМВ) еді. Кеңес одағының кезінде  жасалған  қару жылдар сырғып,  70 жылдан астам уақыт өткенімен, өзі, атақ-даңқы ескіре қойған жоқ. Мысалға, Үндістан, Румыния т.б. мемлекеттер рұқсат алып, өз елдерінде шығарса, Венесуэла Молдавия, Чехия сияқты елдер, отандық әскерлерін қаруландыруда пайдаланады. Осы сияқты, Қытай, Түркия, бастаған ұзын саны 36 мемлекеттен астам елдер (ішінде Қазақстан да бар) бұл қаруды әртүрлі мақсатта пайдаланады екен. 

Драгунов мергендік винтовкасының сипаттамасы:
Механизм: автоматты
Калибр: 7.62 мм
Оқ: 7,62×54R
Салмағы:
а) оптикалық көздеуіш пен оқ қорабынсыз: 3.7 кг
ә) оқ толтырылған қорабы, көздеуіш және сүңгі-пышақпен қосқанда: 4,52 кг
Ұзындығы: 
а) сүңгі-пышақпен: 1370 мм 
ә) сүңгі-пышақсыз: 1225 мм
б) ұңғының ұзындығы: 620 мм
Оқтың алғаш атылғандағы жылдамдығы: 830 м/c
Ұрыстың ату жылдамдығы 1 мин-та: 30 атысқа дейін
Ұңғының күші: 4064 дж
Көздеу ұзақтылығы:
а) Оптикалық көздеуішпен: 1300 м
ә) Ашық көздеуішпен: 1200 м
Оқ қорабының сыйымдылығы: 10 оқ

Оқи отырыңыз:

1. Мылтықтың жасалу жолы (Видео)

2. Bushmaster BA50 - нағыз ерлер қаруы

3. Бұл қызық: Екі оқты қатар ататын қос ұңғылы тапанша

4. Әлемдегі ең үлкен револьвер

5. ХХ ғасырдағы ең мықты тапанша

Сурет: content.foto.mail.ru, 3dsociety.ru, gunsru.ru, img0.joyreactor.cc

Е. Жұмабайұлы