Жұмысқа қабылдар алдында нені ескеру керек?

Жұмысқа қабылдар алдында нені ескеру керек?
Фото: pixabay.com

Жұмысқа қабылдар алдында әңгімелесуге келгендерді тыңдап қана қоймай, оларға орынды сұрақ қоя білсеңіз, қайсысы сізбен бірге жұмыс істеуге лайық екені өзінен өзі көрініп тұрады.

Мінезін бақылау. Бұрыннан жұмыс істейтін қызметкерлеріңізбен мінезі сәйкес келе ме, осыған мән беріңіз. Тату ұжым қашанда өнімді істің кепілі болады. Алдыңызға келген адамның стресске қарсы тұра алу қабілетін зерттеңіз. Жұмыс барысында келеңсіздіктер туса, қалай шешетінін аңғарыңыз, тікелей сұрай қоймай-ақ, жанама сұрақтармен және ситуация тапсырмаларымен анықтауға да болады. Кей компания басшылары мынадай қулық қолданады. Алғашқы әңгімелесуден кейін-ақ оны қабылдамайтынын айтады да, реакциясын бақылайды. Сонда адамдардың 75 пайызы жұмысқа қабылданбағанына бейжай қарап, қолды бір сілтеп кете берген. Ал бұл шешімге келіспейтінін білдіргендер нағыз өз ісінің маманы болып шыққан.

Не істеді? Қалай істеді? Алдыңғы жұмысында не тындырғанын, қандай жетістікке жеткенін сұраңыз. Бірнеше терең мәнді сұрақтар қоя отырып оның қандай іске қабілетті екенін, қандай қасиеті сіздің компанияға пайда әкелетінін біле аласыз. Соңғы жарты жылда не бітіргенін, қандай шешім қабылдағанын айтса, тәуекелге бел буу қасиетін анықтайсыз.

Не қалайды? Сізден талап ететін нәрселері сіз бере алатын нәрсеге сәйкес келе ме? Жұмыс іздеушінің жұмысқа деген талпынысын, өмірлік көзқарасын, ол үшін ең бастысы не екенін әңгімелесу кезінде-ақ анықтап алуыңыз керек. Әсіресе кәсіби деңгей мен қаржылық жағдай туралы ойы қандай, сол маңызды.

Тек шындық! Келген үміткерге компанияңыз, ұжымыңыз туралы тек шындықты айтыңыз. Оның өзінен де жалған ақпарат айтпауын талап етіңіз. Қарапайым мысал ретінде оқымаған кітабын оқыдым деп өтірік айтса, оның анық-қанығына жетіп, дәлелдеу қиын емес.

Сіздің компанияңызға жұмысқа тұрғысы келетін адам алдын ала компанияның бағытын, өткені мен бүгінін зерттеп, болашағын болжап келуі керек. Бұл туралы сұрақтарына жауап беріп отыруға міндетті емессіз, сол уақытты келесі үміткерге арнауыңызға болады.

@. @assel_assanova