Қазақстанда алғаш рет «Кобальт–2018» оқу-жаттығуы өтіп жатыр

Қазақстанда алғаш рет «Кобальт–2018» оқу-жаттығуы өтіп жатыр
Фото: massaget.kz

20-22 мамыр аралығында Алматы облысында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы арнайы мақсаттағы бөлімшелерінің Жауынгерлік және әдістемелік дайындық Орталығында «Заңсыз қаруланған құрылымдарды жою бойынша арнайы операцияларды жоспарлау және өткізу» тақырыбында «Кобальт–2018» арнайы-тактикалық оқу-жаттығуы өтіп жатыр.

Осымен төртінші рет ұйымдастырылып жатқан шараға Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше елдердің, яғни Армения Республикасы Полициясы, Беларусь Республикасы ІІМ ішкі әскері, Ресей Федерациясы Ұлттық ұлан әскерінің Федералды қызметі, Ресей ІІМ, Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының, ҚР ІІМ, Тәжікстан Республикасы мен Қырғызстан Республикасының ІІМ жетекші құрамы қатысуда. Жоспар бойынша «Кобальт–2018» арнайы тактикалық оқу-жаттығуына барлығы 700-ден астам жеке құрам қатысады деп көрсетілген. 

«Кобальт» оқу-жаттығуы бұл уақыта дейін үш рет ұйымдастырылды. Атаулы шара алғаш рет 2010 жылы Ресейдің Ростов облысында өткен еді. 

Оқу-жаттығудың негізгі мақсаты – заңсыз қаруланған құрылымдарды жою бойынша арнайы операцияларды өткізу кезінде және дайындық барысында күш-қуатты басқару, уақытында бірлескен дағдыларды жетілдіру. 

Іс-шараның жоспарланған бірінші күні бүгін сағат таңғы 10:00-де басталды. Алты алаштың жерінде алты бірдей мемлекеттің Гимні орындалып, мемлекеттік тулары көкке көтерілді. Салтанатты рәсімді Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланы Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов сөз алып бастады.

Сонымен қатар, оқу-жаттығудың ашылу рәсімінде ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков Қазақстанда өтіп жатқан шараның артықшылықтары мен маңыздылығын баяндады.

 – «Кобальт» оқу-жаттығуы осыған дейін үш рет Ресей және Армения жерінде ұйымдастырылды. Биыл Қазақстанда алғаш рет өтіп жатыр. Ұйымдастырушы тарапқа белсенді жұмыстары үшін алғыс айтамыз. Бүгінгі шараға ұйымдағы барлық елдің өкілдері қатысуда. Тіпті, Арменияда болған қақтығыстарға қарамастан билек өкілдерінің келісімімен Армения Республикасының Полициясы да атсалысуда. 24 мамыр күні біз өз тарапымыздан ұсынылған ұсыныстар бойынша Астанаға жол тартамыз. 

6 бірдей мемлекеттің жедел топтарынан жасақталған жауынгерлер сап түзеп, жауынгерлік жүріспен алаңды айнала жүріп өтті. 

Бұл шараның негізгі бөлігі 22 мамырға жоспарланған. Осы күні атаулы оқу-жаттығуға ҰҚШҰ Бас хатшысы Юрий Хачатуров, ҚР Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Руслан Жақсылықов және ҰҚШҰ мүше-мемлекеттері күштік құрылымдарының жетекшілері қатысады.

А. Қажиев