- Негізгі бет
- Сын сағатта
- Жас сарбаз жадында...
Жас сарбаз жадында ұстар 10 кеңес
Елімізде күзгі әскер қатарына шақыру маусымы басталып кетті. Жас сарбаздың бірден әскери өмірге үйренісіп кете алмайтыны туралы осыған дейін жазған едік. Бүгінгі айтпағымыз жас сарбаз жадында ұстар кеңестер болмақ.
Жаңа ортаға келген адам қандай да бір қиындықтарға тап болуы мүмкін. Ата-анадан алыстап, достарыңнан жырақ кетіп, әскери өмірге ә дегеннен үйренісе кету қиын. Психологияда мұны бейімделу кезеңі деп атайды. Бұл үшін біз қандай кеңес ұсына аламыз? Оқып көріңіз.
1. Өз қорқынышыңды жеңе біл
Адам екі жағдайда ғана қорқынышқа бой алдырады. Біріншісі – өміріне қауіп төнгенде, екіншісі – алда не күтіп тұрғанын білмегенде. Иә, бәріміз де алда не күтіп тұрғанын білмейміз. Десе де әскери өмірде қандай тосынсый бары жас сарбазды қызықтырып қана қоймай, қобалжытатыны да рас. Әскери өмірге жылдам бейімделу үшін алдымен өз қорқынышыңды жеңе білу керек. Тек жақсы дүниелерді ойлап, жүректегі секемді баса білу маңызды. Психолог Дейл Карнеги:«Әрекетсіздіктен мазасыздық пен қорқыныш туады. Әрекет адамға сенімділік пен батылдық сыйлайды. Егер сен өз қорқынышыңды жеңгің келсе, ол туралы ойлама. Тұр да әрекетіңді жаса» - дейді.
2. Өзіңе деген сенімділікті жоғалтпа
Әскерге алғаш келгенде әркім өзін жалғыз сезінетіні рас. Мұндай психологиялық күйден өзіңе деген сенімділік қана алып шығады. Өзіңді іштей қайрап, әр іс пен тапсырмада өзіңді дәлелдей білуің керек. Томаға-тұйық жүрмей, өзіңе деген сенімділікті бір сәт естен шығармағаның абзал.
3. Қиындықтарды қасқайып қарсы ал
Күндегі күйбең тіршілік пен әскери өмірдің айырмашылығы айтарлықтай. Мұны жас сарбаз алғаш әскер табалдырығын аттаған сәттен-ақ сезінеді. Ерте тұру, жаттығу жасау, тапсырмаларды орындау, т.б. алғашында қиындық тудырары сөзсіз. Өзіңді психологиялық және эмоционалды тұрғыдан жайсыз сезінуің мүмкін. Дегенмен бұл әскери тәртіп саған қиындық туғызбауы керек. Өр рухың, қайтпас қайсар мінезің мен намысың сені бұл сынақтардан алып шығады.
4. Қара да тыңдай біл
Алғаш барғанда айналаңа жағымсыз көрініп қалудан сақтан. Кімнің басшы, кімнің қосшы екенін аңғара біл. Кіммен қалай тіл табысу керек екенін бағамда. Өзіңмен пікірлес жандарды жақын тарт. Ал өзің білмеген дүниелерді әскери қызметкерлерден сұраудан қымсынба. Алғаш барғанда бәрі де кешірімді. Бірақ бір қарап, бір айтқаннан кейін-ақ ұғып алуға тырыс.
5. Уақытыңды бос өткізбе
Әскерде бос уақыт та табылады. Мұндайды босқа жіберуге болмайды. Әскерде сүйікті ісіңмен айналысуға зор мүмкіндігің бар. Спортшы болсаң, шынығып жарыстарға қатыса аласың. Кітапханада отырып білім нәрімен сусындап, таным көкжиегіңді кеңейтуге де мүмкіндігің бар. Өз өнеріңді жасырып қалмауға тырыс.
6. Көмегіңді аяма
Әскердегі достықтың орны бір бөлек. Өйткені қиын сәтте көмек қолын созған адамның жақсылығын ұмыту оңай емес. Сондықтан да әскерде достарыңа адал, әр сәтте қолыңнан келген көмегіңді аямауға тырыс. Әр айтқан жылы сөзіңнің өзі оған демеу болары анық.
7. Тапсырмаларды ұқыпты әрі уақытылы орындай біл
Өзіңе берілген тапсырмаларды ұқыпты әрі уақытылы орындай білу арқылы абыройың асады. Мұндай тапсырмалар мен бұйрықтар сені әскери өмірге ғана бейімдеп қоймай, келешекте кез келген қиындықты жеңе білуіңе көмегін тигізеді.
8. Техника қауіпсіздігін сақта
Техника қауіпсіздігін алғаш барған күннен бастап жаттап алып, оны әр сәтте сақтай біл. Себебі өз өмірің – өз қолыңда. Көп әскери қызметкерлер техника қауіпсіздігін сақтамау салдарынан жарақат алып жатады. Қарапайым ережені ұстанбаудың өзі өміріңе қауіп төндіруі мүмкін.
9. Ренжуге жол жоқ
Күлкі – ұлы күш. Әзілді көтере білетін достарыңмен қалжыңдаса біл. Әскерде ренжуге жол жоқ. Бүрісіп, сөйлемей, көп уақыт өзіңді өзгелерден бөлек ұстаудан пайда жоқ. Керісінше өз жүйкеңе салмақ түсіресің. Достарыңның қалжыңына ренжісең де, ренжімеген сыңай таныт.
10. Дау-жанжал шығару – әскери қылмыс
Мектептегі жаға жыртысу мен әскердегі жанжалдың арасы жер мен көктей. Мектепте төбелесіп, ары кетсе соңы директорға ата-ананы шақыру арқылы мәселе шешіледі. Ал әскерде төбелес, дау-жанжал шығару – әскери қылмыс болып саналады.
Әскердегі кез келген келеңсіздікті бейбіт жолмен шешу керек. Жұдырықтың күшінен өр рухтың күші жоғары. Өзгелердің қайрап салуына арандап қалмағаның абзал.
Әскер – адам өміріндегі бір кезең ғана. Өткенмен өмір сүруге болмайды. Тек жақсылыққа бастар жолды іздеп, болашағыңды ойла. Алда сені ата-анаң, туған жерің, ағайын-туыс, дос-жаран мен асқақ арманың күтіп тұр. Сондықтан да әскери қызметіңді өткеріп, Отан алдындағы борышыңды орындау өміріңдегі бір абыройлы іс болса, одан кейінгі өмірің - жарқын болашағың.
О. Сансызбай