Мінезі жұмсақ Лабрадор тұқымы

Мінезі жұмсақ Лабрадор тұқымы
Фото: look3.ru

Ең сүйкімді және ақылды иттердің алдыңғы қатарынан табылатын Лабрадор тұқымы туралы не білесіз? Білмесеңіз осы керемет жануар туралы бүгін аз-кем әңгімелейтін боламыз. Негізінен АҚШ пен Еуропа елдерінде кеңінен таралған жануар. Бойы 54-57 см, ал салмағы 25-36 келіге дейін жететін иттің бір көргенде өзіне баурап алар тамаша қасиеті бар.

Алғашында балықшыларға ауға түскен балықтарды су ішінен алып келу үшін пайдаланылған лабрадор кейіннен аңшылардың қанжығасына байланған аң-құстарды қиын жерлерден тауып, иесіне әкелуге үйретілген. Бір сөзбен айтқанда, қолға жылдам үйретілетін ит екені көрініп-ақ тұр. Мұндай хайуандар суға шомылғанда жақсы көреді.

Лабрадор жақсы жағдайда 10-14 жылға дейін өмір сүреді. Дене бітімі ірі ит доппен ойнағанды жақсы көреді. Мінезі өте жұмсақ. Балалармен де ересектермен де жақсы ойнайды. Тіпті танымайтын жандарды да жатырқамайды, егер таныстарыңыз болса қожайынының қасында айтқанын істеуге тырысады. Үнемі айналысатын бір істі тауып алуға тырысады. Мысалы жүгіріп, секіріп, түрлі ойыншықтармен ойнап, иесімен ойнау секілді.

Егер сіз осы сүйкімді жануарды қолға үйреткіңіз келсе, онда күшік кезінен бастап алғаныңыз дұрыс. Сонымен қатар, кішкентай кезінен көбірек көңіл бөліп, жиі ойнаутыға тырысыңыз. Себебі бұл иттің тұқымы ерке әрі нәзік болғандықтан, иесі қасында көп болуын қалайды. Ең бірінші осы қағиданы естен шығармағаныңыз дұрыс.

Тазалық жағынан мұнтаздай таза деп айту қиын. Сондықтан, көшеде жүргенде, аулада ойнағанда оғаш қылықтарын байқасаңыз ұрып-соғудың қажеті жоқ. Ренжітіп алуыңыз мүмкін. Бұл оның табиғатында бар.

Суға түскенді жақсы көретін жануардың терісі де осы ісіне арналғандай. Өйткенің оның терісіне су сіңбейді. Шомылып шыққан лабрадор бір-екі рет сілкінсе құрғақ күйіне қайта келуі оңай.

Дұрыс тамақтандырып, жиі қыдыртып тұрғаныңыз итіңізге пайдалы. Себебі, көптеген жануарлар секілді лабрадор да семіздікке шалдығады.

Еркегін әлде ұрғашысын таңдау өзіңізге байланысты. Егер ұрғашы тұқымын таңдасаңыз сабырлы, сүйкімді, асықпай жүруіңізге сәл де болса мүмкіндік береді. Ал, еркек лабрадор өскен сайын күшті, жылдам болады. Сол себепті күшік таңдау барысында осыған да мұқият болғаныңыз дұрыс.

B. ZHAQSYMBET