"Жаман иттің атын бөрібасар қояды" дегендей, Хаски тұқымды итін қасқырмен шатастыратындар көп. Хаски деген атқа ие болған жануардың қанында шынында да бөрінің қаны бар. Еркіндікті жақсы көреді, адамның айтқанына көп бағына бермейді. Егер сіз осы бір иттің төресін қолға дұрыстап үйретсеңіз, онда жолыңыз болғаны. Өйткені қожайынына ең сенімді жануар.
Хаски – үй күзетуге арналған ит емес. Суыққа төзімді, күшті, шыдамды ит серуендеуге құмар. Солтүстіктің суық күнінде шанаға жегіліп, иесін қарлы боранда жеткізетін көлік ретінде пайдаланылады. Қожайынына сенімді ит туралы талай фильм жарыққа шыққанын білесіздер. Енді осы жануардың өзге иттерден қандай айырмашылығы барына тоқтала кетсек.
Ең бірінші хаски өзге иттер ұқсап үріп, жауына алыстан айбат шекпейді, керісінше, төбелестің ортасына кіріп жай жануар емес екенін дәлелдейді. Бір сөзбен айтқанда, үндемей жүріп көп іс тындырады.
Көп адамдар хаски тұқымын лайкамен шатастырады. Бұл екі ит екі түрлі жаратылған. Лайка аңшылыққа арналған болса, хаски арбаға жегіліп, ұзақ жолға жүру үшін жаралған.
Көптеген итте кездеспейтін тағы бір қасиет, хаскидің көзі екі түрлі түсте болуы мүмкін. Көргенде шошымаңыз, ол ешқандай ауру емес, керісінше, иттің керемет тұқымды екенін білдіреді.
Хаски ыстық жерлерді де мекендей алады. Тек оны сатып алғанда күшік кезінен өзіңіздің тұрғылықты жеріңізге бейімдесеңіз болғаны. Талай жануарды тоңдыратын 40 градус аязда, сіздің итіңіз оңай жүре береді.
Хаскидің 15-ке тарта түсі болады. Ақ түстен бастап, сұр, қара қоңыр түсті түрлерін байқайсыз.