- Негізгі бет
- Стиль
- Арнайы кештерге арналған...
Арнайы кештерге арналған киім
Әр күн жадымызда баға жетпес естеліктер қалдырады. Десе де, кешкі отырыстардың орны бөлек. Әсіресе, қазағым жақсы көретін той-жиынның. Бірақ, той-жиында жастар арасында болмаса, үлкендер арасында дресс-кодты сақтау деген ұғым жоқ.
Әдетте, мереке кезіндегі әріптестер, достар кешінде «White Tie», «Black Tie», «Evening dress», «Coctail» деп арнайы жазып, өтініш білдіреді. Ал, біз өз кезегімізде сыпайылық танытып, аталған стильдерге сай киінуіміз керек.
Ерлер костюмі фрак немесе смокинг болмасын, арнайы ережелерді сақтауды талап етеді. Мысалы, смокинг киіп келу керек кезде шақырту билетте «Black Tie» деп жазылады. Ал оны қалай киеміз? Смокингке жыл сайын өзгеретін сән тенденциялары әсер ете алмайды. Нағыз смокингтің әрдайым жібек матадан тігілген қайырмасы болады. Смокингтің бірнеше түрі бар: бір жаққа ілме өңірлі пенжак; екі, төрт, алты түймесі бар. Қара, ақ түсті смокинг арнайы шалбар болуын талап етеді. Ал, түймесі қара түсті және жібек бұлықты болуы тиіс.
Классикалық жейде түймесінің үстінде міндетті түрде жеңілгек болуы керек. Қара немесе меруерт түймелі болғаны жөн. Мұнымен қатар, қайырма, тік жағалы түрлері бар. Мата белбеу мен көбелек галстук - смокингтің көркі. Мата белбеуді желеткімен алмастыруға болады. Туфли күңгірт, қара былғарыдан тігіліп, бауы бар түрі таңдалғаны дұрыс. Лак киюге тыйым салынады. Алайда, күйеу жігіттерге жақсы жарасады.
Мұндай костюмді үйлену тойына, балға, концертке, ұжымдық бас қосуларға киіп барады.
Ал, Фрак дегеніміз – алдыңғы етегі қысқа, артқысы айтарлықтай ұзын, атлас бұлықты шалбары бар ерекше үлгідегі пенжак.
Бастапқыда кавалерия офицерлерінің униформасы болған. Оның пішіні атқа мінуге өте қолайлы.
Осыдан 100, 120 жыл бұрын ерлер костюмі көп киілмейтін еді. Оған 1860 жылы В.Даль «Пенжак – ұзындығы жамбасқа дейін жететін күрте» деген анықтама береді. Оның сөзіне сенсек, ол замандарда пенжак атаулысы сән болмаған.
Ал М.Преображенский орыс тілінің этимологиялық сөздігінде оған «қысқа пальто» деген анықтама береді. Қолайлы киім ретінде тек 1860 жылдары таныстырылып, жилет, шалбармен бірге тігіледі.
«Пенжак» сөзі голландықтарға тиесілі. Ағылшындарда да осыған ұқсас сөз бар. Ол «матростың шұғадан тігілген күртесі» деген ұғымды білдіреді. Ал, ағылшындықтар пенжакты «coat» деп атайды. Кейде пальтоны, мундирді (азаматтық не әскери формалы салтанатты киім), бешпентшені осылай айтады.
Ал, Сіз мерекелік кештерге смокинг киіп барасыз ба?
Сурет:modniy.tv, brod.kz
Қ. Бүйенбай