- Негізгі бет
- Стиль
- Ерлер костюмін қалай...
Ерлер костюмін қалай таңдаған дұрыс?
Стиль мәселесіне келер болсақ, классикалық костюм кез келген жігітке жарасатыны анық. Ол біз жақсы көретін casual’а стилімен де үйлеседі. Ерекше талғамды көрсетіп қоймай, иесінің табысты жан екенінен хабар береді. Ең бастысы таңдаған костюміңіз дене бітіміңізге сай болуы тиіс. Сапалы костюмді жақсы кеңесшісі бар дүкендерден алуға болады.
Түсі
Түсін мұқият таңдаңыз. Ресми кездесулерге түсі аса білінбейтін, суреті азын таңдаған дұрыс. Мамандар сұр түсті костюмдердің өзіңізге ұзақ мерзім қызмет ететіндігін айтады. Мұнымен қатар, оны кез келген жағдайда киюге болады. Әмбебеп костюмдер деп қара көк, қара сұр костюмдерді айтамыз.
Иығы
Өлшемді пиджактан бастау керек. Иық пен арқасына назар аударыңыз. Аталған бөліктері жүрген кезде кедергі жасамауы тиіс. Және өлшемінің үлкен болмауына мән беріңіз. Иық аймағы мен жағасы денеге жабысып тұрғаны абзал.
Бел тұсы
Заманауи жігіттер классикалық стильдегі костюмді арнайы тіктіруді жөн көреді. Осы таңдауларының арқасында костюмнің бел тұсын өздеріне лайық етіп өңдейді.
Білек тұсы
Жеңінің ұзындығы тура келетініне көз жеткізіңіз. Әдетте жеңі тым ұзын пиджактар жейденің жеңін толығымен жауып тұрады. Мамандардың айтуынша, пиджактың жеңі жейденікінен 1,5 сантиметрге кіші болуы тиіс.
Мойын
Талғамыңыздың жақсы екенін жейденің үстіңгі түймесі мен пиджактың жоғары бөлігінің ара-қашықтығынана-ақ көруге болады. Қымбат костюмге француз манжеті бар жейде сай келеді.
Жоғарыда аталған қарапайым ережелерді ескеру арқылы жарасымды костюм сатып алуға болады. Ал Сіз әдетте костюмді қандай белгілеріне қарап таңдайсыз?
Сурет:вк желісінен
Қ. Бүйенбай