Сәрсенбідегі сән: "Іскерлік стиліндегі образ"

Сәрсенбідегі сән: "Іскерлік стиліндегі образ"

"Сәрсенбідегі сән" жобасының келесі кейіпкері Ербол – спортшы. Ол назарларыңызға "business" стиліндегі образын ұсынады.

Аксессуарлары:

Плащ – O`STİN, пиджак, шалбар, галстук – KVC, жейде – Defacto, белдік – HATEMOĞLU, аяқ киім – MARCOMEN, сағат – TİSSOT, сөмке – Banqhowei.

Әр нәрсенің өз орны болатыны белгілі. Қазірде адамзаттың тіршілігі "отбасы−мансап−демалыс" дегенге сәйкес келеді. Соның ішіндегі мансаптың біздің өмірімізде алатын орны ерекше. Дәулет осы мансаптан басталады. Ал бұл мансап терминінің ажырамас бөлігі – "іскерлік образ", оны басқаша "бизнес стилі" деп те атаймыз. Ер адамның табысқа жетуінің 40 пайызы оның имиджіне байланысты. Сондықтан, іскер адамға іскер образды да дұрыс таңдай білген жөн.

"Сән деген не?" десеңіз, мен әрқашан "сән дегеніміз - ерекшелік" деп жауап берер едім. Мына "іскерлік образға" қара костюм шалбар, ақ көйлек, қара галстук тағып, қара аяқ киімді жылтыратып киіп жүре беруге болады. Ол да іскерлік образ. Бірақ, мен үшін ол сәнді емес. Әрине, қарапайым болған да дұрыс шығар. Бірақ, ол нәрсе бұл образға келіңкіремейтін сияқты. Бір күнде бірнеше жиналыс жасап, көптеген кездесуге баратын іскер адамның сәнді әрі ерекше болғаны дұрыс деп ойлаймын. Өзім қалалық сауда орталықтарынан киінемін. Киім алуға арнайы бір күнді арнаймын. Себебі, киім таңдап жүргенде, еркін болғанды ұнатамын. Басқа ойлардың шылауында жүргім келмейді. Және қасыма сәннен хабары бар, талғамы жоғары достарымды ертіп аламын. Әрине, бұл менің өзім таңдай алмайды деген сөз емес, «бір бас жақсы, екі бас одан жақсы». Және міндетті түрде өзімде бар киімдермен келетіндей қылып үйлестіріп аламын. Киімдердің ішінде аяқ киімге қатты мән беремін. Себебі, көлікке 70 пайыз сұлулықты дөңгелегі берсе, жігітке сол 70 пайыз сымбаттылықты аяқ киім береді деп ойлаймын. Сапалы, жарасымды болса болды, киімді кездескен дүкеннен ала беремін. Ал, аяқ киімді SMAN-нан ғана алып жүргеніме 4 жылдай уақыт болды. Себебі, ыңғайлы, сәнді, бағасы да қатты қымбат емес, ең бастысы - төзімді. Өндіруші ел - Түркия. Өзіміздің қазақтың жігіттері экспорттайды", − дейді Ербол.

Ербол ұсынған образ – бүкіл әлемде 70 пайыз шамасында сұранысқа ие стиль. Жоғарыда атап өткендей, іскер образдың мансап жолындағы адам үшін маңызы зор. Ербол таңдаған киімдер қазіргі заманның сән талабына сай келетіні сөзсіз. Пиджакты бір түсті, шалбарды басқа түсті қылып кию ер адамды өзгешелеп, сымбатты етіп көрсетеді. Дәл осы образға назар аударғанда көзге ерекше түсетін нәрсе − аяқ киім. Бұл аяқ киім туралы мына материалда жазған болатынбыз. Суреттегі аяқ киім – "оксфордтың" күрделендірілген түрі. Англиядан шыққан бұл стильдегі аяқ киім кез келген ерді іскер, сәнді етіп көрсететіні сөзсіз. Образдың түске сәйкес бастапқы бір заңы бұзылса да, әзірге біраз уақытқа дейін өзгермейтін ереже сақталып тұр. Яғни, белдік пен аяқ киім түсі бірдей болуы қажет. Керек десеңіз, сағаттың да түсі осы жұпқа қосылып тұр. Бәрекелді!

Естеріңізге сала кетейік, бұл – "Сәрсенбідегі сән" жобасының үшінші шығарылымы. Кезекті образдан кейін сіздер, құрметті оқырмандар, өздеріңіз үздік деп тапқан образға дауыс беріп, жеңімпазды анықтайсыздар! 

Сурет: @Massaget.kz

Сәрсенбідегі сән: "Офистік образ"

Сәрсенбідегі сән: "Кэжуал стиліндегі образ"

Арнайы Massaget.kz үшін 

Ф. Абилова