Адамның ұйықтап жатып сөйлеуі нені білдіреді?

Адамның ұйықтап жатып сөйлеуі нені білдіреді?
Фото: spacestock.com

Адамның түнде ұйықтап жатып қорылдағаны жақсы емес, әрине. Бұл денсаулықта кінәраттың бар екенін білдіруі әбден мүмкін.

Ал ұйықтап жатып сөйлеу қаншалық дұрыс? Мұның себебі не? Бұл қаншалық зиян? Сол жағын қарастырып көрейік.

Ғалымдардың есебінше, бүкіл адамзаттың шамамен 5 пайызы ұйықтап жатып сөйлейтін көрінеді. Көбі бір-екі сөз айтып доғарса, кейбірі тіпті монолог оқып кететін кездері болады екен.

Ұйықтап жатып сөйлеу дегеніміз – парасомникалық құбылыс. Ұйқыда жатып сөйлеу көбіне қалыпты нәрсе. Былжырап, міңгірлеп сөйлейді де қояды көбі. Кейбірі айғайлауы мүмкін. Шошып ояну да осыған ұқсас.

Адам ұйқыға кеткен кезде орталық мый жүйесінің қызметі ішкі-латералды преоптикалық өзекке беріліп, ағзаның "қарауыл күзеті" ауысады да, ағзада терең тынығу процесі басталады. Адамның ұйықтап бара жатып "дір ете қалуы" осы "қарауылдың" ауысқанын көрсетеді.

Адам ұйқының төртінші стадиясы өткен кезде ағзада екі түрлі химиялық зат бөлінеді: бірі – глицин, екіншісі – ГАМК (гамма-аминді қышқыл). Бұл химиялық заттар аяқ-қол, бұлшықет, ауыз-жақ, бүкіл өне-бойды семдіріп, парализ күйге түсіреді. Яғни, дене қимылдамай қалады. Адам түсінде аяқ-қолын қозғалтқанымен, өңінде олай емес. Түс көріп жатып, сөйлесе, айғайласа да өңінде олай істей алмайды.

Қызықтың бәрі осы жерден басталады. Ғалымдардың айтуынша, адамның ұйықтап жатып сөйлеуіне екі нәрсе себеп болуы мүмкін. Бірақ нақты емес. Біріншіден, адам ұйқыға кеткен кезде жоғарыда айтқан екі химиялық заттың бірі ағзада толық не дұрыс бөлінбесе, сандырық басталуы мүмкін. Яғни, глицин мен ГАМК адамның басқа дене мүшесін "бақылауға алғанымен", өңеш бөлігін, тамақ жағын "бақылауға ала алмауы" мүмкін.

Екінші гипотеза мынадай. Адам ұйықтап жатып "жартылай оянып кетуі мүмкін". Ұйқының бір стадиясынан екінші стадиясына өтіп, түрлі парасомникалық күйлер кешуі мүмкін. Міне, сол кезде бір стадиядан екінші стадияға, тағы басқа да стадияларға өткен кезде ағзаның табиғи реакциясы болуы ғажап емес.

Қалай десек те, "Ұйықтап сөйлеу – аурудың белгісі емес, бұл қалыпты жағдай"- деседі мамандар.

Қ. Слямбек