Апокалипсис туралы фильмдер фанаттары пандемияға дайын болып шықты

Апокалипсис туралы фильмдер фанаттары пандемияға дайын болып шықты
Фото: https://ru.sputniknews.kz/

Чикаго университетінің психологтары апокалипсис туралы киноны сүйетіндерге пандемиямен күресу оңай екенін анықтады. Жер жаһанда тарап жатқан індетке қатысты олар өзгелерге қарағанда психологиялық тұрғыдан әлдеқайда дайын болып шықты. 

Зерттеушілер 310 еріктіге сүйікті фильмдері мен көрермен ретіндегі талғамына қатысты сауалнама жүргізді. Осыдан кейін олар пандемияның белең алуы адамның жалпы жағдайына қалай әсер ететінін анықтау мақсатында психологиялық тесттер өткізді. 

Нәтижесінде зомби апокалипсис туралы фильмдерді сүйіп қарайтындар дүрбелеңге ілеспей, ажиотаж жасамай, жайбарақат өмір сүруін жалғастыра беретіні белгілі болды. Олар жағдайды ақылмен саралап, тәртіпке бағынғанда ғана пандемияны жеңетінін ұғынып, өздіктерінен оқшауланған. 

Бұл жағдайды Чикаго университетінің психологы Колтан Скривнер: "Аталған бағыттағы фильмдер көрермендері бейсаналы түрде ондағы сценарийді қайталап, өмірге кейіпкерлердің көзімен қарайды", - деп түсіндіреді. 

Мақаланы психологтар: "Егер сіз қандай да бір жағдайды кинодан жүз рет көрсеңіз, ол сізді есеңгірететіндей күшке ие бола алмайды", - деп түйіндеген.

Т. Раушанұлы