Өтірік айтқан адам ойланып үлгермейді

Адамның өтірік не шын айтып тұрғанын білгіміз келетін сәттер көп болады. Адам бір күнде 200 рет өтірік айтуы мүмкін, бірақ бұл нақты дерек емес, әрине. Кейде өтірік зиянсыз болса, кейде оның зияны шаш етектен. Өтіріктің арты алдау мен ақымақтыққа әкеледі, ал ешкім де алданғысы, ақымақ болғысы келмейді.

Ғаламторда өтірік айтқан адамды қалай байқау керегі жайлы мәлімет көп, көбі мимика мен ым-ишаратқа, бейвервалды (дене қимылы) амалдарға қарап ажырату жолдарын үйретіп жатады. Бірақ адамның өтірік айтып отырғанын анықтауға бұлар жеткіліксіз.

Адамның өтірігін бір-екі қимылы мен ишарасына қарап анықтауға болады деген теория жүзінде жоқ нәрсе. Ол үшін кешенді талдау жасау керек. Әдеттегі әрекет пен айтып отырған әңгіменің контексіне қарау қажет. Көптеген фактіні ескеру міндетті. Сондықтан төменде адамның өтірігін анықтаудың кешенді жолын көрсетуді жөн санадық. Деректерде психоаналитикалық зерттеулермен айналысып жүрген Mentalroom.ru командасының мәліметтері қолданылды.

Қарапайым формула

Өтірікті анықтаудың ең сенімді жолы – адамның бастапқы әрекеті мен кейінгі әрекетін салыстыру.

Мұны мына формуламен өрнектеуге болады:

Бағу – Стимул – Реакция – Тексеру

1. Бағу. Адам рас ақпаратты айтқанда өзін сенімді, шынайы, бос, еркін ұстайды. Сол кезде оны сырттай бағалаған жөн. Ал бұны анықтау үшін қарапайым сауалдар қойыңыз: «Қалай жеттің?», «Қайдан келе жатырсың?», «Кіммен келдің?», «Қандай жұмыс істейсің?» деген сынды ешқандай зияны жоқ, бейтарап сауалдар. Яғни, адам шын жауап беретін сауалдар қоясыз.

Мұндай сауалдарға адамның еркін жауап беретіні анық. Сол кезде жайлы жағдайда адамның өзін қалай ұстайтынын байқайсыз:

- Көңіл-күйі қалай – көтеріңкі ме әлде көңілсіз бе?

- Әңгімесінде ым-ишара қолдана ма, жоқ па (қол сермеу, бас изеу, қол бұлғау)?

- Даусының тоны мен дауыс ырғағы қандай – жоғары ма әлде төмен бе?

- Сөйлесу кезінде белсенді ме, әлде жоқ па?

Адамды байқастау мен бағу – оның айтып отырған әңгімесінің шын не өтірігін анықтаудың алғашқы сатысы. Бұл кезде адамның қалай сөйлетініне, сөйлемдерді қалай құратынына, үзіліс жасай ма, әлде жоқ па, қалай ой қорытатынына мән беріңіз.  

Егер бұл кезде сіз сөйлеушінің айтып отырған сөзіне күмәндансаңыз, онда соған қатысты қосымша сауалдар қойып көріңіз.

2. Стимул. Бұдан кейін білгіңіз келген сауалды қойып, соған жауап алуға тырысыңыз. Мұны стимул сұрақтар дейді. Кейде тіпті, қарапайым сауал қоя салуға да болады. Мәселен, оқиға болған күні «күн қандай еді?», «мекені қайда?», «біреу жаныңда болды ма?» сынды қарапайым сауалдар. Шын оқиғаның барлық белгісі есте қалып қояды. Өйткені бұл оның эмоциясымен, сезімімен байланысты бейсаналы деректер.

Бұл кезеңде қарапайым сауалмен бірге провокациялық сұрақ та қоюға болады. Оны адамға сенбей тұрған кезде қоясыз. Бұл сұрақтардан кейін адамның реакциясына қараңыз.

3. Реакция. Осы кезде адамның реакциясы білінеді. Оның дауыс тоны мен бет-әлпеті, іс-қимылы, ым-ишарасы өзгеруі мүмкін. Мәселен, адамның тынысы жиілесе не терең күрсінсе, бет-әлпетінің түсі өзгерсе, жауабында көп іркіліс пайда болса, сөйлем құру әдеті бұзылса, онда күдіктенуге себеп бар. Мұндай сауалдың адамға жақпайтыны, уайымдайтыны көрініп қалады. Әрине, кез келген стресті адамның өтірік айтып отырғанының көрінісі деп бағалауға болмайды. Бірақ өтірік пен стрестің бірге жүретінін де ұмытпаған жөн. Тексеруді ары қарай жалғастырамыз.   

4. Тексеру. Мұны параллель кезең десек болады. Бұл кезде біз адамның әңгіме бастаған кездегі әдеті мен стимул, провокациялық сауал қойылғаннан кейінгі әдетін салыстырамыз. Адамның бастапқы әдетінің өзгеруі өтірік айтып отырғанының көрінісі деп нақты айтуға болмайды, бірақ бұл – адам ішінде эмоционалдық өзгеріс басталды дегенді білдіретін көрініс. Оны одан әрі тексеру үшін комбинациялық сауалдар қоямыз. Егер сауал қойылған кезде адам мазасызданса, невроз пайда болса, онда оның жауабына шек келтіруге себеп бар.

Провокациялық сауал қойылғанда, адамның жүзінде қорқыныш пайда болса, онда адам бір нәрсені жасырып отыр деген сөз. Ал жүзінде таңқалу мен түсінбестік пайда болса, онда ол айтып отырған нәрсесіне сенеді дегенді білдіреді.

Адамды тексергенде, оның эмоциясына мән берген жөн. Пол Экманның танымал «Психология лжи» кітабында қуанған, қамыққан, таңқалған адамның келбеті келесідей болатыны айтылады.

Егер адам шынайы қуанса, оның көзі сығырайып, маңайында әжім, қатпар пайда болады. Бұл оның шынайы қуанып тұрғанын білдіреді.

Ал егер көз маңайында еш белгі байқалмаса, күлкінің жасанды болғаны.

Егер адам қамыққан, мұңайғанын айтып тұрса, онда маңдайында әжім пайда болып, қабағы жиырылады. Олай болмаса, сезіктенуге тура келеді.

Ал өтірік қайғырғанда адамда мұндай өзгеріс болмайды. 

Егер адамға жала жапқанда (провокациялық сауал қойған кезде), өзі білмейтін ақпарат айтқанда, жүзінде таңқалыс пайда болады. Шынайы таңқалған адамның қасы көтеріліп, көзі бақырайып кетеді. Ауызы сәл ашылып, иегі төмен түседі. Бірақ бет-әлпеті босаңқы, бұлшықеттері бос болады. Шынайы таңқалу 2 секундтай ғана болады.

Ал өтірік таңқалған адамның жүзінде артық қимыл көп болады. Мәселен, бет-әлпетіне күш түсіп, ауызы ашылып кетеді.

Өтірікті анықтаудың басқа да жолдары:  

Сөзге мән беру. Адам сөйлеген кезде біліміне, мамандығы мен айналысатын ісіне қатысты айтқан сөздері мен оқиғаны баяндағанда айтатын сөздеріне мән беріңіз. Егер оқиғаны баяндағанда фрагменттік үзінділерді пайдаланып, оның ісіне, білімі мен мамандығына қатысы жоқ сөздерді көп қолданса, ол адамның оқиғаны айтар кезде дайындалып, ізденіп, соған қатысты сөздерді жинақтағанын білдіреді. Бұл сөздер оның жасы мен біліміне, кәсіби мамандығына қатысы жоқ сөздер болуы мүмкін.

Сөз бен ишараттың сәйкес келуі. Егер адамның айтып отырғаны мен ым-ишараты сәйкес келмесе, онда бұл өтірік айтудың белгісі. Мәселен, адам ашуланғанда жұдырығымен үстелді қойып қалатыны бар. Адам шынайы ашуланса, ашуланғанын сөзбен жеткізе отырып, үстелді қатар қойып қалады. Ал егер адам өтірік ашуланған болса, онда ашуланған сөзді айтып қалып, үстелді кейін ұруы мүмкін. Бұл шынайы эмоция емес. Агрессия мен сөз қатар жүруі тиіс.

Ым мен сөздің сәйкес келуі. Адам келіскенде, «иә» дегенде басын изейтіні, білмегенде иығын көтеретіні, «жоқ» дегенде басын шайқайтыны белгілі. Ал адам «иә» деп тұрып, «жоқ» деген ишаратікі сияқты басын шайқаса ше, «жоқ» деп тұрып, «иә» деген сыңайлы басын изесе ше... Мұндай керағар қимыл – адамның бір нәрсені жасырып отырғанының көрінісі.

Адам мұндай қимылды автоматты түрде жасайды, яғни, ойланып үлгермейді. Өйткені өтірік айтып отырған адамның ресурсы басына, миына, ойлауына кетеді де, дене қимылын ойластыруға уақыты болмай қалады. Содан ой мен мимиканың айырмашылығы шығады.