Әйел заты не қалайды?

Әйел заты не қалайды?
Фото: Самат Калбаев

«Қыздар өзіне не керек екенін білмейді» дегенді жиі естиміз. Олар біледі. Тек тура айтуға батылы бармайды не намысы жібермейді, әлде жай ғана айтқысы келмейді. Оларға бәрінен бұрын ер адамның назары қажет. Мұны көшедегі сұқтанған жанарлармен шатастырмаңыз. Тек өз ер азаматының көңіл бөлуін қажет етеді. Бүгін жылуды сырттан іздесе, кеше сіздің сезіміңізге бөлене алмады деген сөз.

Жұмысыңыз басыңыздан асады. Күндіз-түні дамыл таппай еңбек етіп жүрсіз. Біраз жетістікке де жетіп үлгердіңіз. Әлі де биікке көтерілу үшін тынбай тер төгуге тура келеді. Солай ма? Демек, бүгінмен емес, ертеңмен өмір сүресіз, ақылыңыз толысқан. Олай болса, бір сәт ойлап көріңізші.

Ешкім жетпеген мансап, арнасына сыймай ағылып жатқан ақша – мұның бәрі не үшін қажет? Несіне сонша тыраштанып жүрсіз? Өзіңіз қалаған шыңғы шыққан кезде соқа басыңыз сопайып жалғыз қалғыңыз келе ме? Жалғыздықта байлық пен билік жаныңызды бақытқа бөлей ала ма?

Жауабыңыз «жоқ» болса, өзгерту өз қолыңызда, барлығын бір күнде 180 градусқа бұрып жібере алмайсыз. Неден бастау керек?

Жарыңыз не қалайды? Қандай өтінішін елеусіз қалдырдыңыз? Есіңізге түсіріп, мүмкіндік болса, тізім жасаңыз.

– Бірге кино көру (міндетті түрде кинотеатрдан емес);
– Кешкілік серуенге шығу;
– Айына бір рет табиғат аясында демалу (бірде балалармен, бірде оңаша);
– Кейде кафеден тамақтану, кейде тез дайындалатын тағамдар (фаст фуд) орталығына бару;
– Кешкісін не көріп, не қойғанын сұрап, армандарымен, идеяларымен, ой-сезімімен бөлісу;
– Әртүрлі ойындар ойнау;
– Бассейнге жазылу;
– Би кешіне бару;

Әйел адамның қиялы шексіз, жалғаса береді. Қаласаңыз, өз қиялыңызды қосып, жоспар құрыңыз. «Дайын» бағытты бетке алып, тым құрығанда айына екеуін орындауға уақыт табыңыз. Істеу қажет болғандықтан, міндет ретінде емес, өзіңіз шын ниетпен уақыт арнаңыз. Үйге келгенде әңгімесін тыңдап отырмын деп, бір көзіңіз теледидарда не телефонда болса, бұл оған уақыт бөлген болып саналмайды. Мұндайда жай ғана жанында отырасыз, бірге емессіз. Одан кейін міндет болғандықтан, отбасын асырау үшін тапқан ақшаңыздың, жасаған сыйлықтарыңыздың, айтқан әдемі де құрғақ сөздеріңіздің құны бір тиын болады. Әйел адамға мұның барлығынан бұрын жай ғана бірге болғаныңыз, шын ниетпен назар аударғаныңыз қажет. Не істейтіндеріңіз маңызды емес, бастысы шынында да бар көңіліңізбен жанында екенін сезіндіруіңіз керек. Сонда ол да сізді ары қарай жетістікке талпындырып, жігерлендіріп,  қолдап отырады.

@. @assel_assanova