- Негізгі бет
- Психология
- Әкенің шынайы келбеті...
Әкенің шынайы келбеті
Кеше әлемнің көптеген елі "Әке күні" мерекесін атап өтті. Бұл мереке 1910 жылы алғаш АҚШ-та басталды. Негізін қалаушы Спокан (Вашингтон) қаласының Додд есімді тұрғыны болды. Ол өз әкесіне деген құрметін, оның аясында АҚШ-тағы бала тәрбиелеп отырған барлық әкелерге деген шексіз разылығын білдіруді мақсат еткен еді.
Аталған мерекенің негізін қалаушы Додд ханымның әкесі – Уильям Смарт. Оның әйелі 6-сәбиін дүниеге әкеліп, көз жұмған. Тағдырдың басқа салған сынағына қарсы тұрған әке 5 баласы мен жаңа туған сәбиін жалғыз өзі өсіріп, тәрбиеледі. Азамат соғысының ардагері Уильям балаларымен фермада тұрды.
Байқап отырсақ, тарихта осы секілді "ерлік" жасаған әкелер көп. Оның сыртында бізге белгісізі қаншама. Әке – бір шаңырақтың отағасы. "Әкеге қарап ұл өседі". Ұрпақтың ұлы болуы үйде тәрбие беретін әкеге байланысты екені анық ақиқат.
Үйдегі әкеміздің қадіріне жетіп жүрміз бе? Оның жан-дүниесіне үңіліп көрдік пе? Әкенің шынайы келбеті қандай?!
– Әкең жазғырған кезде, сені еш уақытта жек көрмейді;
– Әкең қысым көрсетіп, мәжбүрлесе саған ең жақсыны қалағаны;
– Әкеңнің үнсіз тұрғаны, сенің болашағың жайлы ойлағаны;
– Саған үнемшілдік етсе, демек өзіне мүлдем қалмағанын біл;
– Күрсінген кейпін көрсең, оның себебі сен;
– Жүзінен күлкі көрсең, оны бақытты еткен сен;
– Бөлменің есігін кілттеп алса, көзіне жас алғаны;
– Қатал бола бастаса, ақыл-кеңесіне құлақ түрмегенің;
– Әкеңе дауыс көтерген күні, оны өлтіргеніңді біл;
– Өмірде жол таппай адаса бастасаң, әкеңді ашуландырғаныңды біл;
– Әкең төсекте сөйлемей, аяғын созып жатқанын көрсең, үлкен тірегіңді жоғалтқаныңды және оның орнын ешбір естелік баса алмайтынын біл.
Түсініңіз, әкенің орны қашанда бөлек. Қызым қылықты болсын деп "қырық үйден тыятын" жан – әке. Ұлды ұлы мақсаттарға жетелеп, жол көрсететін адам – әке. Қамшыұстарымның болашағы қалай болар екен деп күні-түні кірпік ілмей, жанын жалдап еңбек ететін қамқоршың – әке. Егер әкеңізбен көптен бері сөйлеспеген болсаңыз, дәл қазір телефон соғып, қал-жағдайын біліңіз. Сағынған шығар...
Ж. Жұмағұлов