- Негізгі бет
- Психология
- Бекзат жігіттің бойында......
Бекзат жігіттің бойында...
«Джентльмен» сөзі француз тілінің gentil («бекзат») және ағылшынша man («ер») сөздерінен құралған. Бойына асыл қасиеттерді жиған ер адам осы атауға ие болады. ХІХ ғасырда Британияның мемлекеттік ағартушысы Роберт Пиль «Нағыз джентльменді бізден кейінгі үшінші ұрпақ қалыптастырады» деген екен.
Сонымен, қазіргі бекзат жігіттің бойындағы асыл қасиеттер қандай екен?
1. Адалдық
Нағыз жігіт сүйіктісіне адал болады. Оған басқалар маңызды емес.
2. Шындық
Сіздің пікіріңіз жаңсақ болса, қателігіңізді мойындаңыз. Ол да – өнер.
3. Жақсы сөз – жарым ырыс
Айналадағы адамдарға жылы сөздер айтыңыз, шын жүректен тілек білдіріп жүріңіз.
4. Ол жылағанда...
«Жылама» деп дауыс көтермеңіз. Жай ғана қолынан ұстап, демеу білдіріңіз. Жалғыз емес екеніне сендіріңіз.
5. Оған сеніңіз
Сүйіктіңізге сеніңіз. Өткен келеңсіз жағдайларға кешіріммен қарап, сүйіктіңізге жылу сыйлаңыз.
6. Салыстырмаңыз
Сүйіктіңізді өзгелермен салыстыруды ойыңызға да алмаңыз. «Ананың шашы ұзын, оның көзі қоңыр» немесе «Ол саған қарағанда ...» деп басталатын кемшіліктерді тізу – жігіттің қателігі. Ойнасаңыз да, қалжыңдасаңыз да, мұндай сөздер нәзік жандыға қатты әсер ететінін естен шығармаңыз.
7. Уәде?
100% сенімді болсаңыз ғана уәде беріңіз. Ал қолыңыздан келмейтін, күмән келтірген іске асығыс уәде беріп қоймаңыз. Орындай алмайтын жағдайда, міндетті түрде ескертіп қойыңыз. «Үлде мен бүлдеге ораймын» деп мүлде айтпасаңыз болады. Егер сүйіктіңіз сізге сенсе, «Бәрі уақыт еншісінде, бірге көреміз» деп сізге қолдау көрсетеді.
8. Хабарлама
«Қайырлы таң, қалқатай!» немесе «Қайырлы түн, ғашығым!» деген қарапайым хабарламаның өзі ол үшін бақыт. «Әр кез мені ойлайды» деген сенім махаббаттарыңызға зор үлесін қосады.
9. Бірге
Ғашығыңызбен уақыт өткізіп, тынығыңыз. Есіңізде болсын: нағыз джентльмен достарынан да жырақтамайды.
10. Ханзада
Жігітке тән мәдениет. Оған күш жұмсап керек емес. Есік ашып, жол беру, сырт киімін әперіп кигізу, үстел басындағы мәдениет, дәлізбен жүру – бәрі-бәрі маңызды.
11. Өтірік айту
Нағыз жігіт өтіріктен ада болады. Қандай іс болмасын, жалған сөз көкке алып шықпайды. «Мына жерде келе жатырмын», «Ертең апарып беремін» деп, ісіңіз бен сөзіңіз жараспаса ұят.
12. Сыйлы
Сыпайы болсаңыз, ортада да сыйлы боларыңыз сөзсіз. Адамдарға жылы қабақ таныту, мейірімді болу – қай ортада да сыйлы қылады.
13. Тыңдау
Өзгелердің сөзін тыңдау – өнегеліктің белгісі. Өзгелер қызығарлық қабілет осы болмақ. Өзіңіз тыңдасаңыз, өзгелерді де тыңдата аласыз.
14. Кінәлау
Әсіресе, өз қателігі үшін біреуді не сүйіктіңізді кінәлау – әбестік.
15. Қалжың
Достарыңыз немесе сүйіктіңіз әзіл айтса, «Енді?» деп бетіне қарап отырмаңыз. Ол сіздің көңіліңізді көтеру үшін жасап отыр, сол себепті, күлкіңізбен «бөлісіңіз». Өзіңіз де ортаңызды думанға бөлеп, орнымен әзіл айтып отырыңыз.
16. Тазалық
Шыттай киініп алып, мұнтаздай болып жүру тазалықтың белгісі. Барлық затқа ұқыптылықпен қараңыз.
17. Әділдік
Әділ болыңыз. Егер досыңыз дауда қалып, оның пікірі қате болса, оның қателігін шетке шығып айтыңыз, оның сөзін сөйлеп, 11-пункттен тайып кетпеңіз.
Г. Берік