Цукерберг пен Дуров секілді озық ойлы оғыландар қазақта да бар #2

Цукерберг пен Дуров секілді озық ойлы оғыландар қазақта да бар #2
Фото: voxpopuli.kz

Әлеуметтік желілерді тиімді пайдаланып, әр сәтті нақты жоспарлап, уақытты өз құлыңыз етсеңіз, алынбайтын қамал, бағынбайтын белес жоқ. Студенттік шағынан бастап жаңалыққа бет бұрып, кіші идеядан үлкен іске жол алған Марк Цукерберг пен Павел Дуров қабілетіне бас шайқамайтын кісі жоқ болар. Ал біздің елімізде олардың ісіне таңданып қана қоймай, отызға жетпей орда бұзған оғыландар қатары баршылық.

БАСЫ

Асхат Әбжанов, 27 жаста. Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітірген. Мобильдік қосымшалар (телефонға арналған приложение) және сайт жасаумен шұғылданатын WAKE UP technology компаниясының іргетасын қалаушы әрі бас директоры. Әл-Фараби атындағы бизнес-инкубатордың жетекшісі. Орта мектеп оқушыларымен тығыз қарым-қатынастағы «Қазақстанның жаңа буын өкілдері» («Новое поколение Казахстана») көшбасшылық мектебінің негізін құрды. Қазақстанның жас кәсіпкерлер қауымдастығының меңгеруші директоры. «Сырт көзге болымсыз көрінгенімен, қолайсыздық жағдайда өсеміз, жетілеміз. Жанымыз жайлы жағдайда болса ми мен дененің 120% жұмыс істеуіне мүмкіндік бермейді» дейді тілге жүйрік бизнес-тренер.

«Жасалған жобаларға қызықпаймын. Өз жобалары арқылы игі іс бастап, жетістікке жеткен компаниялар мен адамдар ғана маған шабыт сыйлайды. Олар бар жаңаны бірден қабылдап, артқа бір қадам баспайды. Қателік жіберсе, одан тек сабақ алуды ғана біледі» дейтін Рауан Маемиров 28 жаста. Қазақстандағы алғашқы блог-платформалардың бірі Yvision.kz және kiwi.kz видео-сервисін құрушы.

Арман Сүлейменов ақпараттық технология саласында қызмет ететін ең атақты қазақстандықтардың бірі, жасы 28-де. Принстон университетінің (АҚШ) магистратурасын аяқтаған. Қазақстанда «TheSummerStartupSchool.com: идеядан шынайы iPhone қосымшасына 8 аптада жету» стартап мектебін құрды. Назарбаев Университетінде «Стартап өнері: 4 аптада идеяны жүзеге асыру» курсын құрды. «App Store» ғаламдық қосымшалар дүкеніне қосымшаларды көптеп енгізіп, Қазақстанды әлемнің технологиялық картасынан көруді мақсат тұтады.

«Біз балалардан үйренуіміз керек дегенім естеріңізде ме?! Олар, бірінішден, не қалайтынын; екіншіден, оған қалай жету керегін біледі; үшіншіден, дегеніне жету жолында батыл келеді. Міне, жетістік сыры». Ғани Абадан, 30 жаста. Мәскеу авиациялық институтының түлегі. Abadan Consulting ақыл-кеңес беру компаниясын,  4Room  жылжымайтын мүлік агенттігін және Қазақстандағы www.iget.kz жиһаз жеткізіп беруге бағытталған ИКЕА компаниясын құрды. Бизнес тәлімгері жуырда «Бизнес по-любви» кітабын шығарады.

@. @assel_assanova